Ел басқарған ер ана

Зүбайра Байырбекова
Зүбайра Байырбекова
Зүбайра Байырбекова

Зүбайра Байырбекова Отырар ауданы Қоғам ұжымшарын басқарған, ауылдастарын ынтымақ пен бірлікке ұйытып, бейбіт күнді жақындатуға ерлерше атсалысқан ардақты жан.

Бала кезімде ауыл тұрғындары ол кісі туралы үлкен құрметпен, ізгі бір ілтипатпен әңгімелейтін. Сол бір қиын кезеңде ат үстінде жүріп ауылды басқарып, қызу еңбек майданын ұйымдастырып: мақта егіп, одан мол мөлшерде өнім алып, соғысқа жіберіп отырғанын, қиыншылыққа шыдамай осалдық көрсеткендерді жон арқадан қамшымен осып жіберіп тәртіпке салатын қаталдығын айтатын. Енді біреулері аштықтан қиналған жанұяларға дорбадан талғажау етер астықты теңдей үлестіретін әділдігі мен мейірімділігін сөз ететін. Аласапыран кезеңде елдің еңсесін жоғары ұстап, ертеңгі күнге деген сенімін жоғалтпауға жетелеу үшін адамға даналық пен қайсарлық, қаталдық пен мейірімділік секілді құндылықтарды тең ұстау маңызды еді. Осылардың барлығы қайратты ананың өн бойынан табылды. Бұл қасиеттер Зүбайра апамызға кешегі біздің ел басына күн туғанда ерлерге сүйеу болған, қараша халық қамсыз күйге түскенде аналық алып жүрегімен жол көрсеткен аяулы Домалақ пен Ұлпандай аналарымыздан дарыған болар.

Ауырлығын арқалаған жаралы жылдарда елдің ырыс-несібесін арттыру үшін осындай жандар қарапайым еңбегімен, қажымас қайратымен, дарқан жүрегімен елге қызмет етті. Жеңіс туын желбіретіп, бейбіт өмірді сақтап қалуы жолында Зүбайра анадай талай аяулы аналарымыздың көзге көрінбес жұмыскер қолдарының үлесі бар. Соғыс жылдарында ауылдастарымен бірге қиындыққа қарсы тұрған, колхозды көркейтуге көшбасшы бола білген қайраткер ана Мәскеу қаласында өткен Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесіне қатысқан. Ленин, «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған. Бүгінгі күнде жергілікті халық елдің құрметті азаматтарының өнегелі өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ету мақсатында ауыл балабақшасын «Зүбайра ана» есімімен атады.
Әрине, сол бір сұрапыл жылдарда Ұлы Отанға деген перзенттік парыз бен елге деген сүйіспеншілік ерлер мен әйелдердің міндеті, соғыс пен тылдағы күрес деп бөлінген жоқ.

«Бәрі де майдан үшін, Бәрі де Жеңіс үшін» деген ұран оларды біріктірді.
Міне, біз, сондай текті аналарымыздың қайсарлығы және төзімімен, соғыстан оралмай кеткен арда ұлдардың қыршынынан қиылған өмірлерімен, жаралы жүрек аналардың көз жастарымен, жауынгер ұлдарын күткен ата-аналардың сағынышымен келген ҰЛЫ ЖЕҢІСтің ұрпағымыз.

Осындай қасиетті құндылықтарды қадірлеп, тағзым жасау біздің мәңгілік міндетіміз болып қала береді.

Мәңгілік ел-Қазақ елімде ерлік пен батырлықтың белгісіндей мәңгілік Жеңіс туы желбіресін, халқым тыныштық пен келісімнің аясында өмір кешіп, балаларымыз бақыттың тал бесігінде тербелсін!

Алтын Тұяқова,
№65 мектеп-гимназиясының мұғалімі

«Оңтүстік Рабат», №18, 06.05.2015