Түркістан облысы Отырар ауданында төрт баласымен бірге жоғалып кеткен әйелді іздеу жұмыстары сәтті аяқталды. Әлеуметтік желіде кеңінен талқыланған оқиғаға қатысты полиция ресми мәлімдеме жасап, анасы мен төрт баланың аман-есен табылғанын хабарлады. Ана мен балалар осы уақытқа дейін қайда болды? Не себепті хабар-ошарсыз кетті?
Балаларын жетектеп, үн-түнсіз кеткен келіншекке жақын туыстары мен анасы әлеуметтік желі қолданушылары арқылы іздеу салды. Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай өз парақшасында хабарлады. Мұнан соң, хабарсыз кеткендердің жақындары полиция бөлімшесіне арыз түсірген. Тез арада іздеу шараларына кіріскен құзырлы орган өкілдері, жан-жаққа сұрау салып, толық тексеру жұмыстарын жүргізген.
«Із-түзсіз жоғалған әйелдің қасында жастары 6,5,3 және 10 айлық төрт баласы болған. Полицейлер ауданның кіреберісі мен шығаберіс бағыттарына бақылау бекеттерін қойып, автокөліктерді тексерді. Сонымен қатар көршілес аумақтарға арнайы бағыттамалар жолданып, іздеу шаралары күшейтілді. Азаматтарды аман-есен табуға бағытталған кешенді жедел іс-шаралар үздіксіз жүргізілді».
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ
Бала мен ананың хабарсыз кетуіне отбасылық жанжал себеп болған. Яғни, полиция департаментіңнің өкілдері тексеру кезінде әйелдің күйеуімен арада болған тұрмыстық келіспеушіліктен кейін кетіп қалғанын анықтаған. Ол осы уақыт аралығында жалдамалы пәтерде тұрған.
«Ұлдананың мамасымын. Күйеу баламен кетіп қалыпты сөзге келіп. Полицияға рахмет тауып бергеніне».
Қазіргі таңда, көп балалы келіншектің жақын туыстары шақыртылып, отбасы мүшелерімен профилактикалық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде ерлі-зайыптылар татуласып, отбасы үйлеріне аман-есен оралды.
Нұргүл Жолымбетова






