Оңтүстік Қазақстан облысының полиция қызметкерлері Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін мерейтойларымен құттықтады. Ішкі істер департаментінің басшылығы Отан қорғаушылар күні және Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына орай Абай саябағындағы «Даңқ» мемориалында салтанатты іс-шара өткізді. Аталған іс-шараға құрметті қонақтар, ОҚО ІІД-нің Ұлы Отан соғыс ардагерлері, ОҚО ІІД-нің бастығы, бөлім, басқарма басшылары қатысты.
Іс-шара барысында полиция қатарына жаңадан қосылған 30 қызметкер Отан алдында өз борышын атқаруға, қорғауға және қоғамдық тәртіпті сақтауға ант қабылдады. Осыдан соң Абай, Әл Фараби, Еңбекші, Қаратау полиция бөлімдері мен жол-патрульдік полициясы полкынің қызметкерлері үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен құрметті қонақтар мен ардагерлер алдында салтанатты сап түзді.
Аталған іс-шараға ішкі істер органдарында қызмет еткен 74 Ұлы Отан соғыс ардагерлерінен 7 ардагер қатысты. Ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры А.Оспанов ішкі істер министрлігі мен ішкі істер департаменті атынан 34 қызметкерді медальмен, грамота және алғыс хаттармен марапаттады.
Ардагерлерге құрмет көрсету бұдан кейін Шымкент қалалық ішкі істер басқармасында жалғасты. Қаратау полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Асылхан Қалаубаев сөз сөйлеп, соғыс және тыл ардагерлеріне денсаулық тіледі. Соғыс жылдарындағы ерліктеріне ризашылығын білдіріп, Ұлы Жеңіс күніне орай ардагерлерді бағалы сыйлықтармен марапаттады, « Құқықтық реформа» кітабын және полиция қызметкерлерінің қызметін баяндайтын арнайы шығарылған «Қаратау» атты журналдың жаңа басылымын табыс етті.
Іс-шараның соңында концерттік бағдарламасымен ардагерлер алдында Шымкент қаласының № 72 орта мектебінің оқушылары өз өнерлерін көрсетті.
Осындай салтанатты шара Әл Фараби полиция бөлімінде де өтті. Полиция бөлімінің басшысы жеке құраммен концерттік бағдарлама ұйымдастырып, ардагерлерге сыйлықтар табыс етті. Іс-шара барысында осы бөлімнің 24 қызметкері грамота және алғыс хаттармен марапатталды.