Ретсіз саудамен күрес жалғасып жатыр

411

Шымкентте ретсіз сауда қатары азаймай отыр. Әл Фараби ауданы әкімдігінің қызметкерлері кезекті рет рейд жұмыстарын өткізді. Әсіресе, Қырғы базар маңындағы аялдама алдын сауда қатарына айнылдырып алғандарға қатаң шара көрілді.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=TAJIhwgwZKg[/youtube]

Қысы-жазы алыпсатарлардан алды босмайтын аялдамаға кіріп-шығу мүмкін емес. Бұл олқылықты қала әкімінің өзі де жақсы біледі, сол себепті болар, көше бойын ретсіз саудадан арылтуды қатаң тапсырды.

Тәртіп сақшылары тәңсәріден Төле би көшесінің бойын торуылдады. Қырғы базар маңындағы аялдама алдын сауда қатарына айналдырған алыпсатарлардың жолын кесті. Осылайша қаланың қақ ортасының көркін қашырғандарға ескерту берілді. Оған құлақ аспағандарға айыппұл салды.

Төлеген Доланов, Әл Фараби полиция бөлімі басшысының орынбасары: «Таңғы сағат жетіден бастап аялдама айналасында тұрмыз. Саудагерлерге ескерту беріп, жабайы сауданы жинатып жатырмыз. Бұл кісілерге бұған дейін сан рет ескерту бергенбіз».

Расында бұл көшедегі заңсыздық белден алып тұр. Қоғамдық көліктер аялдай алмай қиналса, тұрғындар аялдаманы мүлдем ұмытқан. Күндіз сауда орнының қызметін атқарса, кешкісін қоқысханаға айналады.

Мұның барлығына алыпсатарлар кінәлі дейді аудан әкімі. Осы маңда сан рет рейд ұйымдастырылып, қалта қағарлық айыппұл салынса да сатушылар айылын жияр емес.

Бауыржан Қалжанов, Әл Фараби ауданының әкімі: «Бұл — аудандағы ең проблемалы аймақ. Қысы-жазы рейд жұмыстарын жүргіземіз. Қазір тазалығы сын көтермейді. Күніне 5-6 камаз қоқыс шығарамыз».

Айта өтейік, жыл басынан бері ретсіз сауда жасап, қала көркін қашырған 1185 адамға шара көрілген. Екі миллион теңгеге жуық айыппұл салынған. Оның 928 мың теңгесі өндіріліпті.

Енді ескертуге құлақ аспағандардың ісін сотқа беріп, қатаң шара көреміз деген учаскелік полицейлер базар маңын күндіз-түні күзетуге тапсырма алды.