Шымкенттегі С.Ерубаев атындағы №24 жалпы орта мектебі жаңа типті білім ұясына айналуы мүмкін. Әзірге шешім қабылданған жоқ. Нақты шешім мектепте өтіп жатқан облыстық ғылыми-тәжірибелік семинардан соң белгілі болады.
«Жаратылыстану-математика бағытындағы дарындылығын денсаулық сақтау дағдыларымен ұштастыра алатын құзіретті тұлға тәрбиелеу» атты семинарға облыстың бірқатар мұғалімдері қатысты. Мақсат — С.Ерубаев атындағы мектептің білім бағдарламасына енген Кембридж университетінің педагогика кафедрасы дайындаған оқыту жүйесімен танысу.
Айта кетейік, 1200 бала оқитын мектептің он сыныбына соңғы үш жыл бойына экспериментті алаң ретінде жаңа оқыту жүйесі бойынша білім беріліп келеді.