Кәсіпкерлік мектебінің пайдасы тиіп тұр

590

Оңтүстікте кәсіпкерлік мектебін аяқтаған 1208 азамат өз бизнесін ашқан. Бұл мектеп облыс әкімі А.Мырзахметовтың бастамасымен елімізде алғаш рет ашылған кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының аясында, «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істеп келеді.

Аталған мектепте 17557 азамат оқудан өтіп, сертификатқа ие болса, оның 20 пайызы өз ісін бастап, кәсібін дөңгелетіп отыр. Бұл туралы «Оңтүстік» ақпарат орталығында өткен брифингте кәсіпкерлік мектебінің директоры Береке Дүйсебеков мәлімдеді.

004

«Бәсекеге қабілетті елде мұндай көрсеткішке қол жеткізу үлкен жетістік» дейді Берік Дүйсебеков. Кәсіпкерлік мектебінде оқыту үш бағдарлама аясында жүргізіледі.

Біріншісі, жастарға арналған «Өркен» бағдарламасы – өз ісін ашамын деген 18-29 жас аралығындағы жастарға арналған.

Екіншісі «Сәтті бастама» деп аталады. Бұл бағдарлама бастауыш кәсіпкерлер үшін лайықталған, оның ішінде өз бетінше қамтылғандар мен жеке тұлғаларға бағытталған.

Ал үшінші «Өрлеу» бағдарламасына шағын және орта бизнес субъектілерінің басшылары мен қызметкерлері, белсенді кәсіпкерлер және шаруалар қатыса алады. Мұнда жекелеген кәсіпкерлер үшін қысқа мерзімді тақырыптық тренингтер, семинарлар, тәжірибелік-үлгілік мастер-класстар өткізіліп отырады.

Жастарға арналған «Өркен» бағдарламасы бойынша 3248 жас, бастауыш кәсіпкерлерге арналған «Сәтті бастама» бағдарламасы аясында 12695 адам, ал әрекеттегі кәсіпкерлерге арналған «Өрлеу» бағдарламасы бойынша 1614 адам оқуды нәтижелі аяқтаса, 5355 азамат «Кәсіпкерлік негіздері» курсынан кейін тәжірибелік шеберлік сабақтарынан өткен.

Жұмыс нәтижесі бойынша екі мыңнан астам жоба қаржыландырылып, 1208 адам оқытудан соң өз бизнесін ашқан.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі