Оңтүстікте 1300-ге жуық азамат жат діннің жетегінде жүр

338

Оңтүстікте 1300-ге жуық азамат жат діннің жетегінде кеткен. Бұл – ресми мәлімет.

Сондықтан болар облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының әлеуметтік бастамалар орталығы жыл соңына дейін 3200 кездесу ұйымдастырмақ ниетте. Осылайша ақ пен қараны айыра алмай, тыйым салынған керағар ағымның соңында кеткендерге түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=sc_7PI2mEYc[/youtube]

Ал облыстың бас имамының айтуынша, Алланың ақ үйінде Құран оқитын қарилардан бастап имамдарға дейін аттестациядан өткен. Дін қызметкерлерінің сауатын барынша арттырған соң, дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде кеткендермен күресті күшейтпек.

Осыдан төрт жыл бұрын құрылған әлеуметтік бастамалар орталығының жұмысы қауырт. Бір бағыты – жат дінді жатырқамай, өз ұлтының құндылықтарына пысқыра қарайтындармен күрес. Оңай шаруа емес, бірақ оңалту жұмыстарын жолға қойған. Бұл туралы орталықтың директоры Нұржан Тұрсынбай мәлім етті.

Директордың айтуынша, құзырлы органдардың көмегі арқылы дәстүрлі емес діни ағымдарға кеткендерді анықтап, дұрыс жолға қою үшін сан мыңдаған кездесулер ұйымдастырған. Ислам атын жамылып, ел ішіне іріткі салғысы келетіндер оңтүстікқазақстандықтардың арасынан да шығып жатыр. Бірақ санын айтуға тыйым салыныпты. Ал жат дінннің жетегінде кеткен 1300-ге жуық жерлесіміздің барын жасырмады.

Нұржан Тұрсынбай, «Әлеуметтік бастамалар орталығы» мекемесінің директоры: «Цифрлардың астында өзіндік астар бар. Себеп бар. «Ассалаумағалейкум» дегендердің барлықтары сіздің туыстарыңыз деп ойлап қалмаңыздар. Осындай әдемі сөзді айтуы мүмкін, бет пердесі әдемі, сыртқы көрініс жақсы көрінуі мүмкін. Бірақ, оның ішіндегі қаруы тура ма? Жарылыс тұр ма? Біз білмейміз. Бұл – өте қауіпті. Өйткені сіздің араңызда жүреді».

Діни сауат ашуға келгенде мешіттің рөлі орасан. Дұрыс бағыт-бағдар сілтейтін имам мен қаридың ұстанымы оң болса, төнер қауіп сейіледі. Осыны ескерген діни басқарма арнайы аттестация ұйымдастырған.

Ахметжан Керімбек, облыстық орталық мешіттің бас имамы: «Намаз оқудың барысында немесе ықыласпен келген жамағаттың көптігін пайдалану негізінде түрлі насихат жасаған жағдайлар кезікті. Содан ол нәрсеге назар салынды. Аттестацияның кезінде көзқарасы, сенімі, амал-әрекеті, оның ұстанымы – барлығына арнайы сұрақтар қою арқылы анықталған.»

Нәтижесінде 30-ға жуық қари іріктеліп алыныпты. Олардың саны, әзіресе, Рамазан айында аздық етеді. Сондықтан болар, тарауих намаз оқитын қарилардың бір тобын Орта Азия елдерінен арнайы шақыртқан.

Ахметжан Керімбек, облыстық орталық мешіттің бас имамы: «Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Тәжікстаннан қарилар шақырттық. Олардың саны – 18. Олардың барлығымен кездестік, аттестациялан өтті. Олар тек Құран жаттағандар.»

Имамдарды қатаң талаппен іріктеп алған мұсылмандар діни бірлестігінің өкілдері өкілі жат діннің жетегінде кеткендерге тосқауыл қою үшін құзырлы органдармен жүргізіліп жатқан жұмысты жүйелеу қажеттігін баса айтты.