Шымкентте келісім-шарт талаптарын бұзған көлік компаниялары конкурстан шеттетіледі

262

Шымкентте келісім-шарт талаптарын бұзған жолаушылар тасымалдайтын компаниялар ашық конкурстан шеттетіледі. Бүгінде шаһарда 15 мекеме нарықтан ығыстырылып отыр.

Ал бұған жолаушылар тасымалдайтын қауымдастық өкілдері наразылық танытуда. Айтуларынша, көп компанияның техникалық базасы барынша жақсартылған деп, тасымалдаушыларды жақтауға тырысты.

Заңсыздықтарға жол беріп, келісім-шартты өрескел бұзған компанияларға кемшіліктерді түзету үшін 6 ай мерзім берілген. Оған дейін жолаушылар тасымалдауды тоқтатады. Қозғалыс жиілігін бұзып, тиісті санитарлық нормаларды сақтамай қара тізімге ілінген 15 көлік компаниясын ашық конкурсқа қатыстырмайтын болып шешіпті шенеуніктер.

Ашық конкурс ұйымдастырылғанға дейін бірқатар бағыттар бойынша «Грин бас компани» ЖШС қызмет көрсетеді. Жауаптылар тасымалдау нарығынан ығыстырылған компаниялардың жүргізушілерін жұмыссыз қалдырмауға уәде береді. Ал қауымдастық басшылығы жергілікті билік өкілдерінің бұл шешіміне үзілді-кесілді қарсы. Төрағасының сөзіне сенсек, техникалық базасы барынша жақсартылған компаниялар нарықтан шеттетіліп отыр дейді.

Айта кетейік, алдағы уақытта жолаушылар тасымалдау саласын жетілдіру мақсатында Шымкентте муниципалды парк ашу көзделіп отыр. Онымен қоса қалада газбен жүретін көліктер қатары да көбеймек. Осы арқылы салаға жауаптылар шеткері аумақта орналасқан елдімекендерге қоғамдық көлік қатынауын жиілетеміз деп сендіруге тырысты.