Тәртіп бұзған көлік компанияларымен келісім-шарт бұзылады

448
Тәртіп бұзған көлік компанияларымен келісім-шарт бұзылады

Жолаушы тасымалдаудың талаптарын бұзған көлік компанияларымен келісім-шарт бұзылады! Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов көлік бөліміне осылай деп қатаң тасырма берді. Шаһардағы жолаушы тасымалдау қызметі жыл санап жақсарып келеді деген көлік бөлімі басшысының баяндамасын қала әкімдігінің инспекторлары жоққа шығарды.

Тәртіп бұзған көлік компанияларымен келісім-шарт бұзылады

Күн сайын қоғамдық көлікпен қатынайтын жерлестеріміз кондуктордың айғайын естиді. Терезеден басын шығарып, бара жатқан бағытын тізбектейтін кондукторларды мәдениеттіліке үйрету қажет. Тек ақша жинаумен айналысатын осы кондукторлар билет таратып, көліктің санитарлық жағдайына да қарауы тиіс. Өкінішке қарай, біздің шаһардағы автобустардың санитарлық жағдайы сын көтермейді.

Тәртіп бұзған көлік компанияларымен келісім-шарт бұзылады

Екі-үш жылда жаңартылған автобустарының санын тізбектеп, бағыт жиілігінің пайызы өсті деген көлік бөлімінің басшысы енді жолаушы тасымалдау талаптарын орындамаған көлік компанияларын сотқа беріп, келісім-шартты бұзуы тиіс. Осы сала жұмысын тексерген инспекторлар автобустардың кешкі сағат 19:30-дан кейін бағыттан кетіп қалатынын анықтаған. Сондықтан қала әкімі осы көлік қозғалысына кері әсерін тигізетін кедергілерді жою үшін тиісті мамандарға желтоқсанға дейін уақыт берді.

Жиын барысында Көмешбұлақ базары маңынан қала сыртына қатынайтын жеке көліктердің мәселесі қайта көтерілді. Олар жолаушы қауіпсіздігін сақтап, арнайы автовокзалдардан шығуы қажет. Бұл мәселе бойынша жергілікті полиция бастығы бір жетіде осы келеңсіздікті жоюға уәдесін берді.

Нұрлан Жаңабай