Шегіртке шыдатпай барады

696

Арыс ауданында шенеуніктердің салғырт шешімінен шаруалар шетінен тақырға отыруда. Шіліңгір шілдеде ауылды шегіртке қаптап, есік алдындағы бау-бақшаны жайпап барады.

Қазір көктемгі егістен түк қалмай, төккен тердің пайдасы желге ұшты. Өкініштісі сол – зиянкестің алдын алуға жергілікті билік қауқарсыз. Себебі, дер кезінде қаржы бөлінбеген. Соның салдарынан шаруалар шығынға шаш етектен батқалы тұр.

012

Оңтүстік Қазақстан облысында жергілікті жұрт «Дала саяғы» атап кеткен шегірткенің түрі көбейіп барады. Арыс ауданына қарасты Қабылсай ауылының тұрғындары бұл жәндіктер үй іргесіндегі бау-бақшасын баудай қырып жатқанын айтып, дабыл қағып отыр.

Тұрғындар шегірткемен өз беттерінше күресіп көргенімен, одан нәтиже болмапты. Жергілікті билік «Зиянкеске қарсы қаржы дер кезінде бөлінбеген» деп отыр.  Қанаты қатайып ұша бастаған зиянкестер жолында кездескен өскіннің бәрін баудай қырып жатыр. Жайылымдық алқапты жалмап болған қарақұрым шегіртке енді біртіндеп жұрттың ауласындағы бау-бақша мен көкөніске ауыз сала бастаған.

013

Бақытжан Арысбаев, Қабылсай ауылының тұрғыны: «Тыныштық жоқ. Қызанақ, сәбіз, болгар бұрышы – бәрін жеп жатыр. Оны қайта-қайта әкеліп егеміз. Бала-шағаға бірнәрсе бола ма деп едік. Сол үмітіміз ақталмайтын түрі бар. Биыл көкөніс жей алмайын деп отырмыз.»

Қаптаған шегіртке көкөніспен қоса өсіп тұрған гүлдерді де көктей түсіріп жатыр. Ұшып өткен жерлерінде шөптің таяқшалары ғана қалған. Арыс қалалық аумақтық инспекциясының мамандары «Зиянкестермен күреске қаржы бөлінбеген, тек республикалық қордан аса қауіпті деген Марокко шегірткесіне ғана химикаттар қаралған» деп отыр.

Бақытжан Есболғанов, Арыс қалалық аумақтық инспекциясының өсімдіктерді қорғау инспекторы: «Қабылсай, Қожатоғай ауылдарында жергілікті саяқ шегірткесінің шығуына байланысты химиялық өңдеу жүргізуге ұсыныс хат жаздық.»

Жергілікті жерде зиянкестер шыққанда жергілікті атқарушы орган ақша бөліп, ол жұмысты атқаруға заң бар. Аумақтық инспекторлар шегіртке қанат жайып ұшып кеткен соң дәрілегеннен еш пайда жоқ екенін айтады. Ал жергілікті әкімдіктегілер ұсыныс хаттың тиісті орындардан тым кеш келгенін айтып отыр.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=qTuLoBPwPxA[/youtube]

Сапар Дәрібаев, Арыс қаласы әкімінің орынбасары: «Бұл уақыты өтіп, болары болып, бояуы сіңіп кеткен шаруа. Шөп қатайып кетті. Оның қазір зияны жоқ. Бірақ кеше ұшқан кезде зияны болды. Сессия болам дегенше оның бәрі болып қояды. Ол қалтадан ашқа шығарып істей салатын нәрсе емес – 500 теңге беріп магазинге барып кел дейтін.»

Арыс қалалық әкімдігінің өкілдері зиянды шегірткелермен келесі жылы мықтап күресеміз деп құлшынып отыр. Дегенмен әзірге ауыл тұрғындарына қолдарына қорығышын алып, өздері қорғана тұрудан басқа амал жоқ.

khabar.kz