Шымкентте кісі өлтірген күдікті Таразда ұсталды

488
Фото: //total.kz

Шымкент қаласының полицейлері ауыр қылмыс жасаған күдіктіні Тараз қаласында ізін суытпай қолға түсірді. 4 шілде күні Шымкент қаласындағы Еңбекші полиция бөліміне қаладағы көшелердің бірінде қатыгездікпен өлтірілген белгісіз әйелдің мәйіті жатқаны туралы хабарлама келіп түскен.

Оқиға орнына Еңбекші ПБ және Шымкент ҚІІБ-ның жедел-тергеу тобы келіп жетті. Олар оқиға орнын тыңғылықты зерттеу барысында мәйіттің басынан ауыр затпен бірнеше рет соққы алып, қатігездікпен өлтірілгенін анықтады.

Фото: //total.kz
Фото: //total.kz

Бірқатар жедел-іздестіру іс-шараларын жүргіз ген полицейлер жәбірленушінің түр-тұлғасын анықтап, күдікті адамды іздестіре бастады. Тәртіп сақшылары жақын маңдағы аулаларды тінту және бейнебақылау камераларын зерттеу барысында күдіктінің түр-тұлғасын анықтады. Куәгерлердің сөзінен қылмысқа қатысы бар күдіктінің азиат нәсілді, жасы 30-34 шамасындағы ер азамат екені, оның Жамбыл облысына кететін таксиге мінгені анықталды.

Содан кейін із кесушілер жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде үш күннің ішінде күдікті Тараз қаласында таксиге мініп жатқан жерінен құрықтады. Тергеу барысында оның Шымкент қаласының 34 жастағы тұрғыны екені анықталды.

Ол көрші Қырғызстан Республикасына өтіп кетпек болған жерінен қолына кісен салынып отыр. Тергеу барысында марқұмның 26 жастағы Шымкент тұрғыны екені белгілі болды. Қазіргі таңда күдікті қылмысын толық мойындаған. Өзі қамауда жатыр. Адам өлтіру әрекеті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жалғасуда.