Úı ANONS Шымкентте қоныс тойы жиіледі

Шымкентте қоныс тойы жиіледі

30 отбасының шаңырағы шаттыққа кенелді. Себебі тұрғындар мемлекеттік жеңілдетілген несиемен баспанады болды. Олардың ішінде көпбалалы аналар, ерекше жандар мен бюджеттік мекеме қызметкерлері бар. 

 

Шымкенттік 30 отбасы қоныс тойын тойлады. Солардың бірі – Әйгерім Қазыбаева. Бюджеттік ұйым қызметкері ретінде ол жеңілдетілген 5 пайыздық мөлшерлемемен баспаналы болды. Жаңа пәтерді 12 жыл күткенін айтқан ол бүгін қуанышында шек жоқ екенін айтады.

 

ӘЙГЕРІМ ҚАЗЫБАЕВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Жеке баспанамыздың кілтін алып, сондай қуанышты күйде тұрмыз. Рақмет. Бозарық шағын ауданынан алдық. Бұған дейін барып көріп қайттық. Ұнап жатыр. Осы бізге қонысты болуға, үйлі-жайлы қылуға қызмет еткен жандарға рақмет айтамыз».

 

Бүгін үйлі болғанда қатарында көпбалалы ана Индира Қайназарова да бар. Осы уақытқа дейін пәтер жалдап, талай қиындықты көрген ол өз үйі болатынын естігенде көз жасына ерік бергенін жасырмады. 4 баланың анасы ретінде Индира баспананы небәрі 2 пайыздық жеңілдікпен иеленген.

 

ИНДИРА ҚАЙНАЗАРОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Өте ерекше сезім болды. Ол сәтті адамға айтып та жеткізе алмаймын. Қуаныштан жылаған кездерім де болды. Қанша жылдар бойы күткен баспанамыз. Отбасымыздың атынан бәріне алғыс айтамын, барып көреміз. Бүгін осы баспанамыздың кілтін алу бұйырыпты. Аллаға сансыз шүкір».

 

Пәтер кілті мемлекеттік «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген несиелік бағдарламалары аясында беріліп жатыр. Мамандардың сөзінше, бұл мүмкіндікті иелену үшін ең алдымен үй кезегінде тұру шарт.

 

КӨПЖАН ТӨЛЕБАЕВ, ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ М.А.: «Екі пайызбен кімдер алады бірінші, екінші топтағы мүгедек азаматтар, көп балалы отбасылар, өзінің қатарлы санаттағы санаттары бар, Ұлы отан соғысының ардагерлері теңестірілгендері мүгедек бала асыраушылар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар сол азаматтарымыз екі пайыз алады төмендетілген жеңілдетілген пайызбен, ал қалған мемлекеттік бюджет ұйымы қызметкерлері толық емес отбасылар басқа да азаматтарымыз ол бес пайызбен»

 

Жалпы, Шымкентте жыл басынан бері 2600 отбасы жаңа пәтерге көшті. Ал жыл соңына дейін барлығы 7 мың отбасын баспанамен қамту жоспарланып отыр. Оның ішінде жеңілдетілген несиемен қатар, сатып алу құқығымен берілетін жалдамалы тұрғын үйлер де бар.

Әсел Мәлік