Түркістан қаласы әкімі орынбасарының тәртіптік ісі қаралды

341

Түркістан қаласында автомобиль көлігімен жолаушыларды және багажды тасымалдаудың тұрақты қалаішілік бағыттарына қызмет көрсету құқығына арналған конкурс өткізілген болатын. Аталған конкурс 2015 жылдың 26 наурызында өтіп, №2 хаттамаға сәйкес, «Жолаушы» ЖШС конкурстың 1 және 2 лоттары бойынша жеңімпаз танылады. Тиісінше конкурстың қорытындысы бойынша түзілген №2 хаттамасын комиссия төрағасы Д.Тәңірбергенов бекітеді.

Алайда, жеңімпаз таңылған «Жолаушы» ЖШС жалғыз құрылтайшысы Д.Тәңірбергеновтің туған әкесі болып шығады. Бұл туралы облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

001

Бұл тұста Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 3 мамырдағы №1567 жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексінің 13-тармағына сай, мемлекеттік қызметшілер мүдделер қақтығысын болғызбау үшін шаралар қолдануы тиіс.

Бұдан бөлек Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңының 18-2 бабында егер мүдделер қақтығысы болса, мемлекеттiк қызметшiнiң лауазымдық өкiлеттiктерді жүзеге асыруына тыйым салынатыны айтылған.

Атап айтқанда мемлекеттiк қызметшi мүдделер қақтығысын болғызбау және оны реттеу бойынша шаралар қабылдауға, тiкелей басшысына немесе мемлекеттiк органның басшылығына бұл туралы жазбаша түрде хабарлауға міндетті. Соның негізінде оның басшылығы мемлекеттiк қызметшiнiң лауазымдық мiндеттерiн атқаруды басқа адамға тапсыруға тиіс.

Әкім орынбасары Д.Тәңірбергенов тарапынан мүдделер қақтығысына жол бергені және оны болғызбау мақсатында тиісті шаралар қабылдамағаны үшін ар-намыс кодексінің талаптарына сай тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

002

Айта кету керек, 2015 жылдың 6 айының көрсеткіші бойынша тәртіптік кеңесте 54 іс қаралған. Соның ішінде ар-намыс кодексін бұзғаны үшін – 20, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын бұзғаны үшін – 10, қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту бойынша 7 шешім қабылданып, 3 қызметкер өз жұмысынан босатылған. Ал мүдделерін қақтығысы жағдайларына жол берілу фактісіне қатысты тәртіптік іс алғашқы рет рет қаралып отыр.