Тараз тұрғыны 10 келі есірткімен ұсталды

399

Оңтүстіктің полицейлері Тараз қаласының 34 жастағы тұрғынын 10 келі марихуанамен ұстады. Күдіктіні Түлкібас ауданында есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлерін «Көкнәр-2015» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында Алматы-Термез тасжолында қолға түсірген.

Сезікті азаматтың «Мерседес» автокөлігін тексеру барысында полицейлер жүксалғыштан тор сөмкені тауып, оның ішінен көкнәрға ұқсас орама табылып, тәркіленіп алынды. Бұл зат осы автокөліктің жолаушысы, Тараз қаласының 34 жастағы тұрғынына тиесілі болып шықты.

Сот-криминалистикалық сараптамаға сәйкес тәркіленген заттың салмағы 10 келіден астам марихуана екені анықталды. Осы фактіге қатысты қылмыстық кодекстің 296-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді, прекусорларды өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қазіргі таңда аталған қылмысқа қатысты есірткі затының қайдан және кімнен келгенін анықтау барысында жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.

Еске сала кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысында 2015 жылдың 1 маусымынан 30 қазаны аралығында «Көкнәр-2015» жедел-алдын алу рейді өтуде. Осы іс-шара басталғалы бері тәртіп сақшылары есірткі өсімдігі өсіп тұрған 36 алаңды жойды. Заңсыз есірткі айналымынан 16 мың түп көкнәр және 79 келігеа жуық есірткі заты бар өсімдік тәркіленді.