Моңғол палуаны Оңтүстіктің намысын қорғайды

441
Отгон шымкенттіктерге үйреніп те келеді

Отгонцэцэт Галбадрах жақын күндері Оңтүстік Қазақстанның тұрғыны атанады. Күні кеше ол Қазақстан азаматтығын алды. Құрбылары қысқаша Отгон деп атап кеткен дзюдошының жасы – 22-де. Моңғолия тумасы. 8 жылдан бері татами төрінде күресіп келеді.

Отгон шымкенттіктерге үйреніп те келеді
Отгон шымкенттіктерге үйреніп те келеді

Мәскеуде өткен «Гранд Слэм» турнирінде күміс медаль, Абу Дабидегі «Гранд Слэмде» қола, Бакудегі халықаралық жарыста екінші орын алған. Ал Астанада жалауы көтерілген «Гран При» турнирінде бас жүлде, Ташкентте – үшінші, Чехиядағы Әлем Кубогі үшін таласта күміс медаль еншілеген. Ұлан-батырдағы «Гран при»сынағында бір қола, екі күміс медаль жеңіп алған. Сондай-ақ, Қытай және Венгрияда үшінші орыннан көрінген.

Әлібек Нұртаев, ОҚО дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы
Әлібек Нұртаев, ОҚО дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы

Әлібек Нұртаев, ОҚО дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы: «Әлемдік спорттың тәжірибесі көрсеткендей, шетелдің епті спортшыларының пайдасы орасан зор. Мәселен, аспан асты елінен ауыр атлетшілер Қазақ жеріне келіп, Олимпиада ойындарында топты жарғаны біздің бірқатар спортшыларға үлгі болды. Бүгінде олардың ізін басып, ептілік танытып жатқан жергілікті жастар пайда бола бастады. Дзюдодан да ерлер құрамасынан күтер үміт зор. Ал әйелдер командасы ақсап тұрғаны рас. Республикада бәсекелестік болмай тұр. Сол себепті де моңғолиялық палуанды шақырдық. Отгон – өз елінде № екінші дзюдошы қыз. Жеткен жетістіктері де жақсы. Бастапқыда азаматтық алуда бір қатар қиындықтар болып, палуан қажетті жарыстарға шыға алмады. Дегенмен, алдағы Астанада өтетін Әлем чемпионатынан үмітіміз бар. Басты мақсат – Рио Олимпиадасына жолдама жеңіп алу болып отыр.»

Отгонның Оңтүстіктің татамиіне шыққалы Александра Подрядоваға бәсекелестік пайда болды. Осыған дейін 48 келілер арасында бірінші нөмірлі спортшы болып келген жерлесіміз енді Рио Олимпиадасына жолдама алу үшін тынбай еңбектеніп, Отгоннан ептілеу екенін байқатуы қажет.

Сашаның мақсаты Олимпиадаға жолдама жеңіп алу болып отыр
Сашаның мақсаты Олимпиадаға жолдама жеңіп алу болып отыр

Александра Подрядова, палуан: «Отгонның келуімен бәсекелестік пайда болып, мен үшін де оның пайдасы орасан зор болуда. Бірқатар жарыстарға барып, жүлделі де болдым. Әр жаттығуда Отгонмен бір жұп болып күресеміз. Татами төрінде қарсылас болсақ та, спорт залдан тыс кезде жақын құрбылар бола алдық. Мінезі ашық қыз екен. Оңтүстік күресіне жақсы нәтижелер алып келетініне сенемін.»

Александра бүгінде Әлемдік рейтингте алғашқы 30 палуанның арасында. Олимпиадаға жолдама жеңіп алу үшін кем дегенде 14-орынға тұрақтауы қажет. Ендігі мақсат Астанада өтетін Әлем чемпионатында үздіктер қатарынан көріну болып отыр. Ел ордаға Сашамен бірге Отгон да барады. Жерлестеріміз олардан жүлде күтеді.