Сарыағашта алаяқ ұсталды

462

Сарыағаш ауданында 38 жастағы алаяқ ұсталды. Жергілікті полицейлерге Қазығұрт, Сарыағаш және Созақ аудандарының бірнеше тұрғыны арызданған. Олар бір азамат сенімдеріне кіріп, жұмысқа орналастырып беремін деп уәде беріп, белгісіз бағытта қашып кеткенін айтқан. Бұл жайт бірыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізіліміне тіркеледі.

Сарыағаштың тәртіп сақшыларының жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті ретінде Ордабасы ауданының 1977 жылғы тұрғыны анықталып, ұсталды. Бұрын-соңды сотты болмаған, жұмыссыз.

Полицейлер күдікті азаматтың 2014 жылдың басынан бері алаяқтықпен айналысқанын анықтады. Ол бір бағытпен әрекет етіп отырған. Жергілікті дүкендерді аралап жүріп, тұрғындармен жұмыс туралы әңгіме құрған. Ол өзін уран өндіретін зауыттың кадр жөніндегі бөлім бастығымын деп таныстырған. Содан кейін жұмысқа орналастырып беремін деп, адамдардан ақша алып, оларды тізімге енгізіп, қашып кеткен.

Қазіргі таңда тергеушілер күдіктінің 31 алаяқтыққа қатысты екенін анықтап отыр. Жәбірленушілерге келген шығын 3 млн теңгеге жуық. Қазір ұсталған азаматтың басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталу үстінде. Өзі қамауда жатыр.