«Ақжайық» тұрғындары жарықсыз отыр

290

«Ақжайық» шағынауданының тұрғындары бес күннен бері жарықсыз отыр. Жекенің меншігіндегі электр қуатын пайдаланатын тұтынушылардың сөзіне сенсек, олар он жылдан бері артық төлем жасап келген.

Тұтынушылар бұдан былай жеке есептеуіш құралдар арқылы есеп айырысқысы келеді. Алайда қызмет көрсетуші мекеме халықты бас есептеуіштің көрсеткіші бойынша төлем жасауға мәжбүрлеп отыр.

Қос есептеуіштің көрсеткішінде айтарлықтай айырмашылық бар дейді тұрғындар. Мекеменің бұл құралы ортақ шығынды қосып есептейді. Осыған дейін артық төлем жасап келген тұтынушылар бұдай былай шығындалғысы жоқ.

Жекенің меншігіндегі жарықты пайдаланып отырған тұрғындар 1 кВт электр қуаты үшін 20 теңге төлейді. Бұл – үкіметтің бағасымен салыстырғанда 9 теңгеге артық. Сондықтан жұртшылық артық төлем жасау бізге айтарлықтай салмақ салып отыр дейді.

Тұрғындар елдімекенді жарықпен қамтушы мекеме ортақ шығынның құнын бөліп төлеуге де келіспей отыр дейді. Ал жауаптылардың сөзіне сенсек, жарықсыз отырған 40 отбасының қарызы 500 мың теңгеден асады. Тиісті төлем жасалмайынша, бұл тұтынушылар электр қуатына қосылмайды екен.

Айта кетейік, елдімекен келер жылдан бастап үкіметтің электр қуатын пайдалана алады. Алайда, тұрғындар қызмет көрсетуші мекемеде алдындағы борышынан құтылмайыша бұл қызметке де қол жеткізе алмайды.