Ақжайықтың халқы қара суға зәру

276
балалар су тасып жүр

Шымкенттегі «Ақжайық» шағынауданының халқы қара суға зәру. Тіршілік нәрі бұл елдімекенге осыдан екі жыл бұрын берілгенімен, халық суды апталап күтуге мәжбүр. Себебі, су жүйесі сапасыз жүргізілген. Ал су құбырларын орнатқан мердігер компания құрылыс ақауларын ретке келтіруге асығар емес.

балалар су тасып жүр
Балалар су тасып жүр

Көпбалалы ана Ділбар Ешанованың отбасы ауызсудың азабын әбден тарты. Күнделікті ас-ауқатына да, кір-қоңына да бөшекелердегі суды тұтынады. Күн ыстықта ыдыстағы су ұзағырақ сақталса, құрттайды, ал суықта мұз боп қатып қалады. Ауладағы су құбырының да қалбиып тұрғаны болмаса, қайыры шамалы. Краннан осыдан бір апта бұрын берілген судың қалдығы ғана тамып тұр. Тіршілік нәрінің тауқыметін тартқан тұрғындар тума-туыстан су тасып ішуге мәжбүр.

Тұрғындардың айтуынша, су беру мыңнан астам отбасы тұратын бұл аумақта осы көктемнен бері жиі тоқтатылады. Халыққа жағдайды түсіндірген жауаптылар бар суды тұтына алмау себебін су жүйелеріндегі ақаумен байланыстырған. Алайда жергілікті халықты ауызсудан ажыратып отырған ақауларды ретке келтіруге ешкім де асығар емес.

Қызығы, сол су жүйесінің пайдалануға берілгеніне бар болғаны екі-ақ жыл болған. Алайда, құрылыс сапасыз жүргізілгендіктен, суды тұрақты беру мүмкін болмай тұр. Шамадан төмен қысымға да шыдас бере алмай жарылған су жүйелерінен, ең алдымен, осы маңдағы тұрғындар зардап шегуде.

Елдімекен тұрғыны Қалдыкүл өткен аптада байқаусызда қазылған шұқырға түсіп кетіп, аяғын жаралап алыпты. Осылайша ауызсудың кесірі жол азабына да себеп болып жатыр дейді ашынған халық. Жауаптылардың өзара тартысына қарағанда, жарты жылға жуықтаған жағдайдың әлі де созабалаңға түсетін түрі бар.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=jWteU4q1VsU[/youtube]

Мақсұт Қаратаев, «Су арнасы – маркетинг» мекемесінің учаске бастығы: «Қазір енді әр құбырдан жарылғаннан кейін суды жауып қойған. Өйткені айына әжептеуір шығын болады. 300-400 мың теңге далаға су боп ағып кетеді. Сол себептен қазір су жабық тұр.»

Нұрлан Қараев, «Энергиястройсервис» ЖШС директорының міндетін атқарушы: «Қай жері жарылған бізде? Еш жері жарылған жоқ . 8-9-дәрежелі қысыммен қабылдап өткізгенбіз уақытында. Техбақылау қабылдаған. Комиссия болған. Ол кісі учаске бастығы ғой. Көзбе көз айта алмайды. Заңды түрде қабылданған нәрсе ғой.»

Су арнасы мамандары жүйелердің ақауынан тұрғындардың қажетіне жұмсалуы тиіс тіршілік нәрі далаға кетті деп отыр. Жауаптылар ендігі жерде мердігерлерден шығынды талап етуге мәжбүр. Сала мамандарының сөзіне қарағанда, судың қысымына төтеп бере алмайтын құбырларды тіпті сынақтан өткізу де мүмкін емес.

Мердігер компанияның құрылыс барысында кеткен олқылықтарды мойындап, жүйелерді қашан су жүргізуге сақадай сай ететіні белгісіз. Бір белгілісі, құрылыстағы ақаулар түзетілгенше ақжайықтардың көрші елдімекендерден су тасып ішуден басқа амалы жоқ.