Ынтымақ-2 шағынауданында жер дауы шықты

653
Ереуіл. Ынтымақ-2

«Меншігімдегі жерді тартып алып, баспанамды қиратпақ». Ынтымақ-2 шағынауданындағы жетпіске жуық отбасы осылай деп шырылдайды. Айтуларынша, бір жеті бұрын үйлерінің, ондағы жер телімінің «қызыл сызықпен» тұспа-тұс келгені жөнінде құжат келіпті.

Ереуіл. Ынтымақ-2

Бірақ тұрғындар айдың-күннің аманында жерден де, тірнектеп жинаған теңгесіне соққан үйінен де айрылғысы жоқ. Ал қала билігі бұл шешім жуырда ғана күшіне енгенін айтады. Өйткені бұл аумақтан маңызды күре жол салынады.

 

Тоғжан Ерімбетова жерінің ғана емес, баспанасының жарты бөлігінен айырылып қалатынын ойласа, жанын қоярға жер таппайды. Азаматшаның айтуынша, бір жеті бұрын үйінің «қызыл сызықпен» тұспа-тұс келгені жөнінде ескерту қағазы келіпті. Тасжолдың үлкеюуіне байланысты енді үйі қиратылып, жерінен көз жазып қалмақ.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=mGtae_jtgCo[/youtube]

Тоғжан Ерімбетова, Ынтымақ-2 шағынауданының тұрғыны: «Егер жойылатын жер, бұзылатын үй болса, неге әу баста бізге 10 соттық жерді сатады? Кезінде біз бұл жерді 8 мың доллларға сатып алдық қой?! Енді қазіргі бағасы 15-20 мың долларға жеткен. Мен қазір балаларыммен қайда барамын, үйімді де басынан соғамын ба, сонда? Ақшаны қайдан аламын?!»

Ереуіл. Ынтымақ-2

 

Ереуіл. Ынтымақ-2

 

Тасжолдың кеңейтілуіне байланысты Ынтымақ шағынауданында бір емес, он үй сүрілмек. Қалған 59-ы қоршау мен жер телімдерінен айырылмақ. Бірақ, бұл жоспарға халық келіспейді. Наразылық білдіріп, ереуілге шықты.

Асылбек Қамбаров, Ынтымақ-2 шағынауданының тұрғыны: «Біз көгалдың 4,65 метр, жүргінші жолдың 2,5 метр болғанына келістік. Бірақ мұндай стандарт қазір жоқ. Тіпті қала орталығының өзінде 1,20 метр, ал көгалға қалыпты өлшем жоқ қой?! Бұл жобаға біз мүлдем қарсымыз. Жобаның жойылуын талап етеміз!»

Жобаға үзілді-кесілді қарсылық танытқан топпен кездесу үшін араға бір сағат салып қала билігінің өкілі келді. Тұрғындар бірден талабын түсіндірді. Ал жергілікті билік өкілдері мардымды жауап қатқан жоқ. Тек қайта қарап, өзгерістер енгізетінін айтып, уәде етті.

 

Бейсенбек Жанбосынов, қала әкімінің орынбасары: «Бұл шаруаға арнайы комиссия құрылып, зерделеу жұмыстары қайта жүргізілетін болады. Себебі үкіметтік сатып алуда бұл жерге қатты қызығып тұрған біз жоқ. Енді бұл да үкіметтің қаржысына келіп тірелетін болғандықтан, бізде осындай мұқтаждарға арналған «Зеленая полоса» коммуникациялар жүргізуге арналған жоба бар. Мейлінше соны пайдалана отырып, тұрғындарға залал тигізбеуге тырысамыз».

Ал әзірге Ынтымақ-2-дегі тасжолда құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Ал жұртшылықтың ауыр техникалардың баспаналарына жақындай түскенін көріп, мазалары қашуда.