Қайнардағы бірнеше басшы халықты күйбелеңге салды

318
Электор қуатының жоқтығынан насос істен шықты

Шымкенттегі Қайнар бұлақ саяжайында 400-ге жуық отбасы 2 аптадан бері жарықсыз отыр. Мұндағы халық тек электр энергиясынан ажыратылып қана қоймай, ауызсудан да қағылған. Тіршілік көзі мен жарықтан әбден титықтаған тұрғындар назын айтып, көшеге шықты.

«Пресс тұтыну» копперативінің тұрғындары «Қойшы көп болса, қой арам өледінің» кейпіне еніп отыр. Себебі мұнда 1 емес, 2 төраға бар. Олардың кассалары өз алдына тағы бөлек.

Сондықтан қалың қауым тұтынған қуаты үшін кімге ақы төлерін білмей дал. Соның салдарынан саяжай қарызға батып, жарықтан ажыратылыпты. Қараша халық 2 аптадан бері қуат көзіне зәру.

Мұрат Теляеев, «Пресс тұтыну» кооперативінің төрағасы: «Қазір заңсыз тіркелмеген адамдар құжатсыз, ешқандай кассирмен келісім-шарты жоқ, әділет департаментінде тіркелмеген. Ақша жинап, ортада халық қиналып отыр жарықсыз. Қарыз  387 мың теңге.

Жарықтың жоғынан мұндағылар ауыз судан да қағылды. Өйткені тұрғындар тұтынатын тіршілік көзі жер астынан сорғымен тартылады. Елдімекендегі үлкен-кішінің белі бүгіліп, су тасумен әуре.

Су тасу

7 баланың анасы Алтынай Бейсенова қара нансыз қалса да, коммуналдық төлемдерді мерзімінен кешіктірмейді. Тек «Жарықтың ақысын маған төлемедің» деген екінші төраға үйінің электр сымын кесіп кеткен.

Алтынай Бейсенова: «Олар маған «Әкімшілігің ештеңе істей алмайды, милицияң ештеңе істей алмайды. Назарбаевыңа бар» деген соң мен ашумен көтеріліп кеттім. Қолыма не келсе сонымен ұрмақ едім, көршім ұстап қалды. Болмаса 5-6 әйел мені жабылып ұрмақшы болды. Сол, жарықты неге қырқасыңдар дегеніме».

Ал жергілікті биліктің коперативтің ішкі тәртібіне араласуға құқы жоқ екен. Дегенмен де Қаратау әкімшілігінің мамандары саяжайдың қарыз болғанына қарамастан электр жарығын бірнеше рет қостырып берген. Бір қызығы, осылай сөзін өткізіп, жұртты қуатпен қамтыған әкімдіктегілер ішкі тәртіпке келгенде неге қауқарсыз бола қалатыны түсініксіз.

Марат Тәжібаев, Қаратау ауданы әкімінің орынбасары: «Біз қайнарлықтардың қарызына қарамастан электор қуатын 3 рет қосып бердік. Қазақстанның заңына сәйкес біз кооперативтің ішкі тәртібіне қатысуға құқығымыз жоқ.»

Енді қалай дегенмен қайнарлықтар қарызды өтемей жұртқа жарық берілмейді. Түйткілден шаршаған тұрғындар қазір үшінші төрағаны сайлап алды. Қалың қауым енді соған үміт артып отыр.