«Мәңгілік ел» халықаралық ақындар айтысының аудиосы

835

"Мәңгілік ел" халықаралық ақындар айтысы

8-9 қазан күндері Тараз қаласындағы Баласағұн орталық концерт залында  «Мәңгілік ел» халықаралық ақындар айтысы өтті. Қазақ хандығының 550 жылдық тойында ұйымдастырылған айтыстың бірінші күнінде барлығы 24 ақын 12 жұпқа бөлініп, айтысты.

IMG_5149_804x536
Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов

Кіл дүлдүлдердің сөз сайысына Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов бастаған жеті әділқазы төрелік етті. Тізгінді белгілі ақын, айтыс өнерінің жанашыры Жүрсін Ерманның өзі ұстады.

Айтыстың екінші күніне 24 ақынның 10-ы шықты. 5 жұпқа бөлінген ақындар «Мәңгілік ел» идеясы аясындағы жырларында бірлікке шақырды, әрқайсысы да Керей мен Жәнібекті, қазақтың соңғы ханы Хан Кенені жырға қосты.

IMG_5158_804x536
Монғолиядан ЕрланДәулетұлы мен Қытайдан Құзарбек Талапхан

Ақтық кезеңнің айтысын Монғолиядан Ерлан Дәулетұлы мен Қытайдан Құзарбек Талапхан бастады. Жетпісті алқымдаған ата-апалардың жеті сағат түрегеп тұрып тамашалаған айтысына «Көк байрағы желбіреген қазақ еліне, Күлтегіннің көктасының сәлемін» алып жеткен Ерлан ақын:

«Айта қойшы ағайын, Бұл сөзімде мін бар ма?!

Басымызды қосатын,

Дәл осындай күн бар ма?!

Тілімен айтсам Абайдың,

Біз ішпеген у бар ма?!» деп сұрау салса, қазақты тәңірі сүйген ұлтқа теңеген  Құзарбек: «Хан Кененің басы кесілгенде, Алысқа шашыраған қаның едім» деп демін басқанда, залдағы жұртшылық шу етіп, бір көтеріліп қалды.

IMG_5170_804x536
Ақтөбелік Ершат Қайболдин мен қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан

Ақтөбелік Ершат Қайболдинмен айтысқа түскен қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан көптің ойындағысын дөп басты. Керей мен Жәнібек қазақтың туын тіккен Шу өлкесі туралы «Бұл күні Шу туралы сөз қозғалса, Шөптің басын қозғайды үп еткен жел» деп қынжылған ақын: «Шу жайлы әзіл айтып шулай бермей, Әңгіме осы жерден бітед деңдер. Ол өлке хандығымның туын тігіп, Жәнібек пен Керейлер құтты еткен жер. Қара сора емес ол, Қазақ дейтін, Қараша елдің түтінін түтеткен жер» дегенде барша көрермен қол шапалақтап, жаппай мақұлдады.

IMG_5175_804x536
Семейдің тумасы Жібек Болтанова мен елордалық ақын Иранғайып Күзембаев

Семейдің тумасы Жібек Болтановамен сөз түйістірген елордалық ақын Иранғайып Күзембаев: «Хандықтың бес жүз елу жылдығында, Бар қазақ жұдырықтай түйілсе екен. Соңғы ханның сүйегін ап келем деп,
Тұңғыш патшам қырандай шүйілсе екен» деп көптің тілеуін жырға қосты. «Қазақстан мәңгілік елге айналып, Көк байрақтың түбіне жиылса екен. Хан Кененің әз басын елге әкеліп, Бассыздық осыменен тыйылса екен!» деп, іште жатқан тілегін сыртқа ақтарды. 

IMG_5194_804x536
Оңтүстіктен Қалижан Білдашев пен Арқалықтың ақыны Айбек Қалиев

 

Ринат Зайытов, Айнұр Тұрсынбаева, Иранғайып Күзембаев, Мейірбек Сұлтанхан, Аспанбек Шұғатаев, Болатбек Оразбаев, Айбек Қалиев сынды от ауызды, орақ тілді шешендер жыр төккен додаға Оңтүстіктен Қалижан Білдашев те қатысты. Бірінші күні қарағандылық Дидар Қалиевті жеңген Қалижан келесі күні Арқалықтың ақыны Айбек Қалиевпен кездесті. Балдыз бен жезденің әдемі айтысын жасаған қос ақын қазақ елін бірлік пен татулыққа шақырды.

Қазақ айтысының мақтанышы Айбек Қалиев: «Бүгінгі той мәңгілік тарқамасын, Тілеймін баянды бақ ғұмырлы елге. Қазаққа Сирияның күнін берме, Уланған Украинаның мұңын берме. Қазақтың Қазақ деген аты өшпесін, Ең соңғы адам қалғанша жұмыр жерде» деп жырлады.

Бекарыс Шойбековтің ізінен келе жатқан Қалижан қазақ хандарының ұлт мұраты жолындағы ұлы істерін жырға қосты. «Қосылып Керей, Жәнібек қол бастаса, Дұшпаныңның тізесі дірілдеген» деп айбынды асырған жас ақын: «Кешегі хан Кененің кезінде де, Қылышым қынабынан үзілмеген. Ал бүгін Нұрсұлтанның заманында, Азатпын, ділімменен тілімменен. Осындай тұлғалардың себебі ғой, Көгіңде күннің көзі күлімдеген. Ендеше ерлер ісін үлгі тұтып, Ел болайық бірлігі бүлінбеген!» деп тоқтады.

IMG_5223_804x536
Қарағандылық Мақсат Ақанов пен астаналық Әсем Ереже

Екінші күннің айтысын қарағандылық Мақсат Ақанов пен астаналық Әсем Ереже қорытындылады. Қыз бен жігіттің әдемі айтысын жасаған жұп шуақты әзілдерімен жұртшылықты бір серпілтіп тастады.

IMG_5349_797x531
Аспанбек Шұғатаев, I орын иегері

Бас жүлдеге пара-пар қос сыйлық екі ақынға берілді. Баянауылдың сәлемін жолдай келген адуын ақын Аспанбек Шұғатаев пен Алатаудың баурайынан асқақ шыңдардың айбынынан ала жеткен сүбелі сөздің иесі Болатбек Оразбаевтың қанжығаларына 2,5 млн теңге байланды.

IMG_5366_797x531
Болатбек Оразбаев, I орын иегері

«Қазақтың бірге жүрсе балалары, Жау қолында кетпейді жағалары» деп бірлікті мансұқтаған Аспанбек пен «Екі ақының тең алса ештеңе етпес, Керей мен Жәнібек те бірге жүрген» деп тура сөзді айтқан Болатбек ақынның айтысына Жүрсін Ерман: «Осы екеуінің жұбы соңғы 20-30 жылдағы қазақ айтысындағы ең керемет айтыстардың бірі болды. Кеше ғажайып айтыс жасаған, бәрінің таңдайын қақтырған, жүз жылда бір болатын айтысты жасаған екеуі де биігінде қалсын» деп әділ бағасын берді.

IMG_5372_797x531
Жүлдегерлер

Астананың ақыны Иранғайып Күзембаевқа екінші орын бұйырып, 2 млн теңге сый алды. Үшінші орынды Айбек Қалиев пен Мейірбек Сұлтанхан бөлісіп, 650 мың теңгеден қоржындарына салды. Ынталандыру сыйлығына ақтық кезеңге шыққан жеті ақын: Е. Дәулетұлы, Қ.Талапхан, Ж.Болтанова, Е. Қайболдин, Қ.Білдашев, М. Ақынов, Ә.Ереже ие болып, әрқайсысы 300 мың теңгені олжалады. Ешбір ақынды жүлдесіз қайтармаған додада қалған 12 ақынның әрбіріне 200 мың теңгеден тиді.

 

фотосуреттерді түсірген: Жәнібек НҰРЫШ