Биыл ұлы ақын, қазақтың ойшылы Абай Құнанбайұлының туғанына — 170 жыл. Осыған орай өңіріміздегі Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрының ұжымы қаламгердің өлеңі мен өмірі жолынан премьералық спектакльді сахналады. Бұл туындының ерекшелігі — алғаш рет көлеңкелі әдісті қолдана отырып сахналанды.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=aiaRdRWK1TY[/youtube]
Ұлы ақын Абайдың философиясы, оның поэзиясы, бастысы, ой-елегімен бүгінгі қоғамды болжауы — мұның барлығын да көрермен сахнадан көре алды. Әртістердің бірі Абайдың кейпіне енсе, екіншісі Тоғжанның жанына үңіліп, оның сөздерін өлеңмен өрді.
Өнер ұжымы «Желсіз түнде жарық ай» атты әдеби музыкалық толғауды қою үшін 1 ай дайындалыпты. Айтуларынша, премьералық туындының ерекшелігі — әртістердің ақынның өлеңдерін жатқа орындауы ғана емес, оқиға желісінің кей бөлімдерінің көлеңкелі қойылыммен ұсынылуы.
Қуандық Қасымов, қоюшы-режиссер: «Мұнда басты рөл, басты кейіпкер деген дүние жоқ, мұндағы әртістердің барлығы — Абай, тіпті ақынның жырларын жатқа білетін кез келген көрермен — Абай! Біздің әлем — Абай! Мұнда ән, көрініс, өлең, сыр, ондағы сезім — барлығын да топтастырдық. Қойылымның басты көздегені — қаламгердің жүрегіндегі жырды сол қалпында жеткізу».
Спектакльде ақынның жастық шақта жазған жыр жолдарынан бастап, өмірінің соңғы сәттеріндегі еңбектерін де көре аласыз. Тіпті ұжым оның шығармаларын әуелете шырқады. Бұл театрдағы әртістердің хор жанрына да бет бұрып жатқанын көрсетсе керек.
Бауыржан Салдаров, көрермен: «Негізі, сахнада әнші жоқ, бірақ, Абайдың әндерін шебер орындағанын көріп қуанып қалдым. Қосыла айттым өзім де. Жаным жадырап, сол бір Абай заманында өмір сүргендей әсер алдым».
Айгүл Әзімбаева, көрермен: «Еңбектің ерекшелігі, жаңашылдығы — мен сахнадан көлеңкелі көріністерді көре алдым. Жасырмаймын, таң қалдым, сондықтан алдағы күндері мен сияқты жас көрермендерінің қатары артатыны анық».
Айта өтейік, «Желсіз түнде жарық ай» атты әдеби музыкалық толғауға Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының 40-тан астам әртісі жұмылдырылыпты. Енді өнер ошағының алтын қорына енген қойылым апта бойы көрермен назарына ұсынылмақ.