47 жастағы қалта ұрысы ұсталды

394
Фото: //i.obozrevatel.ua

Шымкент қаласының тәртіп сақшылары қалта ұрлығын жасаған деген күдіктіні ұстады. Қараша айының басында Әл Фараби полиция бөлімінің кезекшісіне 31 жастағы жергілікті тұрғын арызданды. Ол базарлардың бірінде белгісіз біреу қалтасындағы құны 150 мың теңге тұратын «Самсунг» маркалы ұялы телефонын ұрлап кеткенін мәлімдейді.

Фото:  //i.obozrevatel.ua
Фото: //i.obozrevatel.ua

Сол күні кешкі уақытта осыған ұқсас арызбен 44 жастағы тағы бір жәбірленуші арызданды. Қаладағы кафелердің бірінде белгісіз адам жәбірленушінің сырт киімінің қалтасындағы құны 18 мың теңге тұратын «Нокия» маркалы ұялы телефонын ұрлап кеткен екен.

Полиция қызметкерлері жедел іздестіру іс-шарасын жүргізу барысында 47 жастағы қала тұрғынын ұстады. Тергеу барысында күдіктінің 10-нан астам өзгенің мүлкін ұрлау жайтына қатысы барлығы анықталды.

Аталған жайт бойынша 188-бапқа сай (ұрлық) қылмысты іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Өкінішке орай, әмиян және ұялы телефон ұрлығы кең таралған қылмыстардың қатарына жатады. Және ұрланған заттарды табу мен иесіне қайтару қиын дейді полицейлер.

Осы арада ескере кететін бірер жайт бар. Ұрылар көбінесе қоғамдық көлік ішінде және базар аумағында арам ойын іске асырады. Баукеспелер оқу орындары мен дәмханаларда да жүруі мүмкін. Мұндай жағдай автобустарда таңертең жұмысқа барарда және кешке үйге қайтарда жиі кездеседі. Өйткені осы кезде көлік адамдарға лық толы.

Асығып бара жатқан тұрғындар тар жерде епті ұрының қолын сезбей қалуы әбден мүмкін. Ұрылар жалғыз жүрмейді. Шаруаны екеулеп тындырады. Бірі жолаушының көңілін аулап жатқанда, екіншісі арам ойын іске асыруға кіріседі.

Ұрыдан зардап шеккен жағдайда бірден 102 телефонына хабарласып, түр-келбетін сипаттап беру қажет. Тәртіп сақшылары заттарды киімнің ішкі қалтасына салып, барынша мұқият болуға кеңес береді.