Төле би ауданында жаңа сәулетті мешіт пайдалануға берілді. Алла үйінің ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мен елімізге белгілі бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысты. Абай ауылында ашылған мешіт облыстық мәслихат депутаты Әсет Қайыпбековтың демеушілігімен салынған.
Абай ауылының тұрғындары үшін бұл күн үлкен той болды. Мұнда жиналған жұрттың үлкені де, кішісі де мәз-мейрам. Өйткені елдімекенде алғаш рет сән салтанаты жарасқан мешіт бой көтеріп, халықтың игілігіне пайдалануға берілді.
Мешіттің ашылу рәсіміне арнайы қатысқан бас мүфти Ержан қажы жамағатты қуанышымен құттықтады. Жаңа мешіт имандылықтың қайнар бұлағы болсын деген ниетпен ауылдың бас имамына қасиетті Құран Кәрімді сыйға тартты.
Жаңа мешіттің жоба-үлгісі Алматы қаласында әзірленген. Мұнда 500 адамға арналған үлкен зал, əйелдер бөлмесі, дəрісханалар, бас имамның бөлмесі бар. Мешіт құрылысы өткен жылдың наурыз айында басталған. Нысанның сырты толығымен мәрмәрмен көмкерілген. Ал іштегі дүниелер шетелден әкелініпті.
Лаура Мамырова