Сарыағаштық азаматты атып өлтіргендер ұсталды

144
.

Оңтүстік Қазақстанның полиция қызметкерлері Сарыағаш ауданындағы ауыл тұрғынын өлтіруге қатысты күдіктілерді ұстады. Еске салайық, 27 қазан күні Сарыағаш аудандық ауруханасына 41 жастағы ер кісі жарақатымен жеткізілген. Жәбірленуші көп ұзамай мерт болды.

Тергеушілер түнгі сағат 21:30-да марқұмның үйіне бетперде киген белгісіз үш адам баса-көктеп кіріп, үйдің иесін және итін атып өлтіргенін анықтайды. Содан кейін марқұмның әйелін қорқытып, 17 мың теңгесін тартып алған.

Арада 5 күн өткенде шұғыл қызметкерлер осы іске қатысы бар күдіктілерді қолға түсірді. Облыстық және аудандық ішкі істер саласының қызметкерлері 28 және 20 жастағы екі жергілікті тұрғынды ұстап отыр. Олар өздерінің әрекеттерін толық мойындап, қаруды лақтырып кеткен жерді көрсеткен.

Қазір ұсталғандар қамауда жатыр. Ал үшінші күдікті іздеу жарияланған.