Шымкенттік жол-патрульдік полицейлері «Қауіпсіз қала», «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу рейдін өткізді. Соның нәтижесінде 20-ға жуық құқықбұзушылық пен қылмыс анықталды.
Түнгі рейд сағат 20:00-02:00 аралығында өтіп, қызметтік бабын асыра пайдаланған мемлекеттік қызметкерлер, тамыр-таныс арқылы заң құрығынан оңай сытылып кетуді көздеген басбұзарлық қатты қадағаланды. Шараға Шымкент қаласы әкімдігі аппаратының басшысы Рашид Аюпов, қала әкімінің кеңесшісі, баспасөз хатшысы Нұрлыбек Жеңісбек, Еңбекші аудандық жол-патрульдік полициясының жауапты қызметкерлері қатысты.
Басты мақсат — әсіресе түн ішінде жиі болатын жол жүру ережесін өрескел бұзу фактілерінің алдын алу. Рейд барысында қауіпсіздік белбеуін тағынбаған, көлік терезелерін заңсыз күңгірттеп алған жүргізушілер анықталды. Жалпы, ұзын-саны 20-дан астам жүргізушінің үстінен әкімшілік хаттама толтырып, 4 сағаттың ішінде 20 автокөлік ақылы айып тұрағына жеткізілді.
Тәртіп сақшылары қаланың бірнеше нүктесінде қатарынан кезекшілікте тұрды. Аталған іс-шараға қалалық ішкі істер басқармасының 50-ден астам қызметкері, күзет қызметінің күзетшілері жұмылдырылды.
Облыс орталығының жолдарында полиция қызметкерлері 150-ден астам жол қозғалысы қатысушылары жіберген әкімшілік құқық бұзушылықты тіркеді. Сонымен қатар инспекторлар жылдамдық тәртібін бұзған, қарсы бағыттағы жолға шығып кеткен жүргізушілер және алкогольді ішімдік ішіп, автокөлік басқарған 1 жүргізушіні әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Ал полициямен қарсыласып, қашып кеткен жүргізуші куәлігі жоқ азамат жедел іздеу кезінде ұсталып, көлігі айып тұрағына жеткізілді, өзіне айыппұл салынды.
«Қауіпсіз қала» жедел-алдын алу іс-шарасы 2016 жылдың соңына дейін жалғасын таппақ. Оған алдағы уақытта облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасының жеке батальоны тұтас жұмылдырылмақ.
Шымкент қаласы әкімі аппаратының баспасөз қызметі