Қайырымды жандар бүлдіршіндерге қуаныш сыйлады

512
Қ.Тұрысбеков қайырымдылық қоры

Көп түкірсе көл болар. Қаладағы сауда орындарындағы арнайы жәшіктерде жиналған қаржыға мүмкіндігі шектеулі балаларға сыйлықтар үлестірілді. Бұл игі іс Қауысбек Тұрысбеков атындағы қайырымдылық қорының бастамасымен қолға алынған. Шара аясында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және мүмкіндігі шектеулі 600-ге жуық бүлдіршінге тарту жасалды.

Қ.Тұрысбеков қайырымдылық қоры

Бұлар – есту қабілеті нашар балғындар. Алайда олар мүмкіндігінің шектеуіне қарамастан мерекелік кештің қызықты өтуіне атсалысуда. Бұл үшін ұзтаздар әр қимылды, дауысты, ырғақты барынша түсіндіруде. Мұндай жандардың арасында мерекелік шараны қаншалықты ұйымдастыру қиын болса да бүлдіршіндер үшін маңызы ерекше.

Балалардың бірі тілегін өлең жолдарымен жеткізсе, енді бірі өзінің өнерімен көпшілікті тәнтті етті. Сондай-ақ, мерекелік шарада балғындар ертегілер әлеміне саяхат жасап, жаңа жылдағы кереметтердің куәсі болды. Ал кештің соңында әр балаға Қауысбек Тұрысбеков атындағы қайырымдылық қорының атынан түрлі сыйлықтар табыс етілді.

Қ.Тұрысбеков қайырымдылық қоры

Бұл сыйлықтарға Қауысбек Тұрысбеков атындағы қайырымдылық қорының жеке шотынан қаржы бөлінген жоқ. Өйткені мерекелік тарту қаладағы сауда орындарындағы арнайы жәшіктерге жиналған қаражатқа алынған. Яғни, бұл игі іс жомарт жүректі азаматтардың демеушілігімен жүзеге асып отыр.

Мария Суханова, Қауысбек Тұрысбеков атындағы жеке қайырымдылық қорының ақпараттық үйлестірушісі: «Арнайы жәшіктерге жиналған қаржыға 600 балаға сыйлық дайындадық. Әр сыйлықта балаға қажетті оқу құралдары, түрлі сыйлықтар, және тәттілер жинақталды. Барлығын өз қолымызбен жасадық. Сондай-ақ, мереке қарсаңында 11 соғыс ардагеріне де сыйлық жасадық.»

Қайырымдылық қоры Шымкенттегі бірнеше сауда орындарының басшыларымен келісіп, арнайы жәшік орнатқан. Оған кез келген азамат қаржысын салып, өзгелерге қуаныш сыйлай алады.

Лаура Мамырова