Шымкентте бала сату оқиғасы жиілеп кетті. Бұл жолы аталған ауыр қылмысқа барған кезекті күдіктінің ісіне нүкте қойылды. Кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта жаза басқан 60-қа таяған қарттың әрекеті қаралды.
Бұл — сәби сату бойынша екінші істің аяқталуы. Күдікті — қарт кісі. Ол қылмыстық топ мүшесі ретінде айыпталып отыр.
Тергеушілердің мәліметінше, әжейдің рөлі нәрестеге зар болып, сатып алғысы келетін жандарды табуда болған. Қалғаны оның міндетіне кірмейді.
Өзге күдіктілер жаңа туған сәбиді перзенханадан алып, жалған құжаттарды АХАЖ бөліміне тіркеткен. Осылайша адам саудасы белгілі жоспармен жүзеге асып келген. Қазір бұл қылмыстық топтың өзге мүшелері әлі тергеліп жатыр.
Гүлнұр Саттарова, ОҚО кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы: «Қазіргі таңда осы іске қатысты 4 жайт қаралуда. Әрқайсысында сәбиді әртүрлі бағалаған. Бірін 300 000 теңгеге, енді бірін 3000 АҚШ долларына сатыпты. Эльмира есімді күдікті өз перзентінен бас тартатын қыз-келіншектерді тауып отырған. Ал мына қария бала сатуға көмектесті әрі мемлекеттік ресми құжаттарды жалған жолмен жасады деп айыпталып отыр.»
Сотталушының жасаған әрекеті аса ауыр қылмыс санатына жатады. Дегенмен, судья оған тағылған айып бойынша ең жеңіл жаза түрін қолданды. Өйткені күдіктінің жасы, денсаулығы ескерілген. Әйтпегенде тағылған айыптың жазасы 10 жыл болар еді.
Сонғы сөзінде қария судьяға, неге екені белгісіз, «Рахмет» деп қоя берді. Ал оның қызы тағылған мерзіммен келіспейтінін жеткізіп, мәжіліс залында ойындағысын жайып салды. Айтуынша, қарияның дерті бар. Оны онкологиялық орталықтың мамандары анықтаған дейді. Сол үшін соттан жазаның мерзімін шегере тұруды сұрағанын айтады.
Ал айыпталушының қорғаушысы бұл әжейді қылмыстық топ мүшелері пайдаланған деп отыр. Тастандыларға аялы алақан табу сауапты іс деп сендіріпті.
Тергеу кезінде сотталушының 4 бала сату дерегіне қатысы бары анықталған. Енді сот шешімі негізінде әжей бұдан кейінгі 5 жылын жалпы режимдегі түзеу мекемесінде өткізеді. Бірақ соттың шығарған шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Тарптарда апелляциялық шағым түсіруге құқылы.
Ернар Балабеков