«Ынтымақ әуендері» спектаклінің премьерасы өтті

393

Театр тасада қалған ауыл таланттарын танытуға, насихаттауға шақырды. Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығы құрметіне орай облыстық әзіл-сықақ және сатира театры көрерменге жаңа премьералық қойылымын ұсынды. «Ынтымақ әуендері» атты сазды-комедиялық туындысының қоюшы режиссері – «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Уәлибек Әбдірайымов.

Кәрістің қызы Салиқа
Кәрістің қызы Салиқа

«Ынтымақ» ауылының тұрғыны, қазақтың салиқалы келіні. Отағасы өмірден озғанымен, жесір әйел қара шаңырақтың ошағын сөндірмеді. Ауыл ішіндегі мекемелдердің бірінде еден жуды, нәпақасын тапты. Қойылымда өз ана тілі ғана емес, сезімге тұнған ретро және халық әндерін де шебер айтатын кәрістің қызы Салиқаны сомдау театрдың әртісі Мөлдір Мұратбековаға жүктелді.

Ауыл өнерпаздары
Ауыл өнерпаздары

«Ынтымақ әуендері» спектаклінде шалғай ауылдағы тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі, ондағы өзге ұлт өкілдерінің дәстүрі, ескерусіз қалған өнер иелерінің өмірі көрініс тапқан. Кәсіби болмаса да әуесқой өнерпаздардың мәдениет пен өнер саласына деген құрмет-махаббаты баяндалады. Театр директоры Қайрат Қарғабаевтың айтуынша, туындыны сахналау үшін ұжымның халық аспаптарын меңгеруіне тура келіпті.

Қайрат Қарғабаев, облыстық әзіл-сықақ және сатира театрының директоры: «Ұлттық домбыра, баян және өзге де халық аспаптарында әртістеріміздің өздері ойнады. Кәсіби әнші болмаса да әнді де өздері жанды дауыста орындады. Бұл – үлкен еңбек! Қойылымның осындай жанрлармен астаса әзілмен қойылуы спектакльдің ерекшелігі деп білемін».

Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығы құрметіне қойылған сазды-комедиялық қойылымды тамашалау үшін келген көрерменнің қарасы қалың. Олар көп ұлтты ауыл тұрғындарының әзілдеріне езу тартып, күлкіге қар болды.

Махамбет Әлиев, көрермен: «Қойылымда достық, халықтың ынтымағы бар, ауызбіршілік насихатталды. Соны көріп, қуандым! Ал әртістерге рахметімді айтамын. Өте әсерлі әрі шынайы шықты. Театрға шығармашылық табыс тілеймін!»

440

Спектакль соңы ауыл таланттарының Астана қаласында өтетін ауқымы кең халықаралық музыка фестивальіне дайындалып, онда жеңіске жетудегі қызықты оқиғаларымен тәмамдалды. Осылайша өнер ұжымы «Ынтымақ әуендері» қойылымы арқылы көрермен алдында жылдық есебін қорытындылады.