Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің кезекті бастамасымен итальяндық «ВитоФрут» компаниясы және Түлкібас, Төле би, Қазығұрт аудандарының бағбандары арасында кездесу өтті. Осы жұмыстар аясында алма өсірумен айналысатын шаруаларға интенсивті бау-бақша егу ісін жүзеге асырудың тиімді механизмі ұсынылды.
Бұл жобаны жүзеге асыру үшін жалпы құнының бар болғаны 15 пайызын кепілдік ретінде растау қажет. Бұдан бөлек осы жоба аясында МТС-тер мен ғылыми-кеңес орталықтары құрылмақ.
Жобаның қарапайым және тиімді механизмі бағбандар тарапынан қаржылық шығынды барынша азайтуға сеп болып, ондағы өнімділік көлемін ұлғайтуға мұрындық болмақ. Өндірістің толық циклде жұмыс істеп, шығын көлемін азайту үшін шпалер мен тор шығаратын кәсіпорындар мен тәлімбақтар құру қарастырылған.
Осы бастаманы жүзеге асыру шеңберінде коопертивтер құру жоспарлануда. Жалпы, 2016 жылдың қорытындысы бойынша облыста аз дегенде 1 мың гектарда интенсивті алма бауы жайқалуы тиіс.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңіріміздегі қарқынды баудың бүгінге дейінгі жалпы көлемі 1285,5 гектарға жетті. Биыл өңір шаруалары тағы да мың гектар жерге интенсивті бау егуді қолға алып отыр. Жоспарланған жұмыстар өз деңгейінде іске асса, жыл соңына дейін қарқынды баудың көлемі екі есеге артпақ.