Қайнарбұлақ тұрғындары жол азабын тартып келеді

229
Қайнарбұлақ

Қайнарбұлақ елдімекенінің тұрғындары жол азабын тартып келеді. Айтуларынша, тасжолдың жоғынан жүріп-тұру қиындаған. Көшелер саз балшық болғандықтан көліктер батып, жұрт жұмысқа кешігіп жетеді.

ҚайнарбұлақБылтыр елдімекен халқын ауызсумен қамту мақсатында су құбырлары жүргізілген болатын. Жергілікті жұртшылық мердігерлер қазылған көшелерді жөндемей тастап кеткен деп ашынады.

Қалдыбек Мавланов күн сайын әудем жерден су тасиды. Жер астымен су құбыры жүргізілгенімен, қайран болмай тұр. Су жүйесі жолды бұзып, жұртшылықты әбден тығырыққа тіреп тұр. Тобықтан келетін саз балшықта тұрғындар резіңке етікпен әрең жүреді.

Жүз шақты отбасы қазір жол азабын тартуда. Шақырылған жәдел-жәрдем, өрт сөндіру қызметтері де келуге қиналады дейді. Тұрғындардың айтуынша, су құбырын тартқан мердігер компанияның жұмысшылары көшелерді тас-талқан еткен. Содан кейін жолды қалпына келтірмей, тастап кете барған.

Тұрғындар, әсіресе, мектеп оқушыларынан обал болды деп отыр. Жаз бойы борпылдаған топырақтың шаңына көмілген Қайнарбұлақ тұрғындары жаңбыр үдей түскелі «тар жол, тайғақ кешу» күндерді бастан өткеріп жатыр. Көшенің басындағы аялдамаға жету – ақырет.

Қайнарбұлақты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында 2013 жылдан бері мердігер мекеме құрылыс жұмыстарын жүргізген. Нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары былтыр аяқталды. Учаске басшысы жолдарды қалпына келтіруге ирригациялық жүйелердің қаралмағаны себеп болып отыр дейді.

Мердігердің берген уәдесі орындала ма, жоқ па оны уақыт көрсетеді. Ал оған дейін қайнарбұлақтықтар белшеден балшық кешуге мәжбүр.