Оңтүстіктегі бұхар бұғысының саны 103-ке жетті

302
Бұхар бұғысы

Оңтүстік Қазақстанда Елбасы сыйға тартқан бұхар бұғыларының басы 103-ке жетті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Бүгінде «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінде бұғының 35 бас аналығы, 46 бас аталығы және 22 төлі өсірілуде.

Бұхар бұғысыЕске салсақ, 2000 жылы «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің Түркістан филиалында Сырдария өзенінің бойындағы тоғай орманынан 2 гектар жер учаскесіне қоршау орнатылып, бұхар бұғыларының тұқымбағы ұйымдастырылған. Сол кезде Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойына келген мемлекет басшысы осы өңірдің тоғай-орманында мекендеген жануарларды көбейтіп, келешек ұрпаққа сақтап қалу мақсатында 8 бас бұхар бұғысын сыйға тартқан болатын. Осылайша, жерсіндірілген бұғылардың саны 15 жылда 95 басқа артып, 103-ке жетті.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мамандарының хабарлауынша, жануарлардың жылдық өсімі 6-8 бас аралығында болса, соңғы үш жылда аналық бұғылар жылына 11-16-дан төлдеген. Ал 2015 жылы бұғы санының өсуі рекордтық көрсеткішке жетіп, 22 төл алынды.

Айта өтейік, бұхар бұғыларының өмір сүру ұзақтығы – 15-20 жыл. Бұл жануар түрі қазіргі таңда Қазақстанның және халықаралық табиғат қорғау одағының Қызыл кітаптарына еніп, қорғауға алынған.

Бұғының бір ерекшеліктері – аналықтарында мүйіз болмайды. Аталықтарында бес бұтақты мүйіз болады. Мүйізі жыл сайын түсіп, ауысып отырады. Күйлеу уақыты тамыздың аяғынан қазанның басына дейін жүреді. Мамыр-маусым айларында төлдейді.