Отырар ауданында ақсақалдар кеңесі бар

515
Ақсақалдар кеңесі

Отырар ауданындағы Ақтөбе аулында ақсақалдар кеңесі жұмыс істейді. Елге сыйлы қариялар отбасылық даулар мен тұрмыстық мәселелерді шешуге атсалысады. Халық бірлігінің діңгегі болған ел ағалары бүгінде әлеуметтік түйткілдерді оңтайлы шешуде де белсенділік танытып отыр.

Ақсақалдар кеңесі

Ақсақалдар кеңесі ауыл-аймақтың тұрмыстық, шаруашылық қажеттеріне орай кез келген уақытта өткізіледі. Ол ел ішіндегі отбасылық дау-жанжал мен ағайын арасындағы араздықтан бастап түрлі кикілжіңдерді бітістіру үшін шақырылады. Тілі уытты, сөзі өтімді, байыпты басқарушының қасына елге сыйлы оншақты қария топтасқан. Мақсат – халықтың ауызбірлігі мен ынтамағына ұйытқы бола отырып, ел ішінде шеті көрінген түйткілдерді күрделендірмей, түйінін тарқату.

Атшаптырым жерге түрлі жеміс ағаштарын отырғызған Әзиякбар Қорғанбеков ауылда бау-бақшадан береке қашты дейді. Себебі, өскіндер дер кезінде суарылмайды. Сондықтан қария тал-дарақтардың көбісін кесіп, отынға жаратыпты. Қалғанын күтіп баптап әрең жетілдіріп отыр.

Ақтөбеліктердің дені егіншілікпен айналысады. 3000 гектар жері бар ауылдықтардың бас ауруы – ағын су. Тіршілік нәрінен жиі таршылық көретін тұрғындардың бұл тауқыметін шешуге қазір ақсақалдар кеңесі кіріскен. Алқалы кеңестің мүшесі Үсен ақсақал жекенің меншігіне өткен мына арық-атыздардың тазаланбайтынына ашынады. Қоқысқа толған тоғанның суы жетпей, халық мезі болды дейді.

Ақсақалдар кеңесінің атқаратын шаруалары бастан асады. Маусым қарсаңында, ағын судың жайын қамдап болған соң, жолдың жайын ретке келтіруді қолға алмақ. Қазақ тарихында орны ерекше билер кеңесінің ісін жалғастырушылар енді жергілікті жерлердегі түйткілді жәйттерді өз арасында-ақ тындырып отыр.