Шымкентте кәріз коллекторы жарылып, тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілуде

354
Кәріз коллекторы жарылды

Шымкентте кәріз коллекторы жарылып, тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілуде. Оқиға Еңбекші ауданындағы «Оңтүстік» шағынауданында (Чапаевка) болды.

Осындағы Лермонтов көшесі, №1 «Б» және Ташкент көшесі,  №2 «А» үйлердің арасында, Деповская көшесі, №21 үйдің ауласында 3-4 қаңтар күндері диаметрі 1000 мм кәріз коллекторы жарылған. Соның салдарынан жер опырылып, диаметрі 2 метрлік шұңқыр пайда болды. Қазір кәріз коллекторының үстіндегі жер толық опырылып, экологиялық сипаттағы төтенше жағдай туындау қаупі бар.

Кәріз коллекторы жарылды

Коллектор 1964 жылы салынған, 3-4 метр тереңдікте жатыр. Жалпы ұзындығы – 5,6 шақырым. 6 қаңтар күні жауапты мамандар коллектордың техникалық жағдайын тексеріп шығып, тозығы жеткенін және тордың шіріп кеткенін анықтады.

Кәріз желісінің санитарлық қорғаныс аймағында 100-ден аса тұрғыны бар 23 үй бар. Үстінде 5 үй салынған. Осы учаскеде салынған барлық 115 үй жекешелендіру арқылы заңдастырылған.

Кәріз коллекторы жарылды

Кәріз коллекторы басқа жерде жарылған жағдайда адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп, үйлердің қирауы мүмкін еді дейді мамандар.

Осыған байланысты 6 қаңтарда Шымкент қаласы әкімдігінде жедел төтенше жағдайдың алдын алу және жою комиссиясының отырысы өткізіліп, «Жергілікті маңыздағы төтенше жағдай» жарияланған. 7 қаңтар күні осы учаскеге қосымша комиссиялық зерттеу жүргізілді.

Бүгінгі таңда осы маңда басқа жер опырылған жоқ. Қала әкімшілігінің мамандар Лермонтов көшесі, №1 «Б» және Ташкент көшесі, №2 «А» үйлеріндегі тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруде.