Шымкенттегі төтенше жағдайға байланысты комиссия құрылды

351
Төтенше жағдайға байланысты комиссия

Шымкент қаласына қарасты Оңтүстік шағын ауданында болған төтенше жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылды. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлайды.

Кәріз коллекторы жарылды

Еске сала кетейік, Чапаевке елдімекеніндегі Лермонтов көшесі, №1 «Б» және Ташкент көшесі №2 «А» үйлердің арасындағы Деповская көшесі, №21 үйдің ауласында 3-4 қаңтар күні диаметрі 1000 мм кәріз коллекторы жарылған. Осы төтенше жағдайға орай қала әкімінің орынбасары Б.Жанбосынов, қалалық төтенше жағдайлар басқармасы басшысының орынбасары Е.Сарыбаев БАҚ өкілдерінің қатысуымен брифинг өткізді.

-Төтенше жағдайдың туындауына басты себептің бірі – ауа райы факторы, – деді қала әкімінің орынбасары Б.Жанбосынов. – Үздіксіз жауған жаңбыр суы жер қыртысының қабаттарына терең бойлап еніп, жердегі ылғалдылықтың басымдығынан жер қыртысы тұрақсыздынып, опырылып қалды. Сол кәріз коллекторы жердің астында 3-4 метр тереңдікте жатыр. Бұл коллектор ТЭЦ-3, «ПКОП» ЖШС және индустриалдық аймақта, ет комбинаты, Чапаевка, МЖК елдімекендерінде орналасқан басқа да өндірістік нысандардың кәріз сулары өтуі үшін 1964 жылы салынған. Жалпы ұзындығы – 5,6 шақырым.

Төтенше жағдайға байланысты комиссия

Осы төтенше жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылды. Жедел топ 6 қаңтарда құзырлы орган өкілдерімен бірге коллектордың техникалық жағдайын зерттеп шығып, тозығы жеткенін және тордың шіріп кеткенін анықтады. Комиссиялық тексерістің қорытындысы бойынша анықталғаны – оң жақта 115 нысан орналасқан. Оның ішінде 70 нысан санитарлық қорғаныс аймақтың үстінде тұр. Оның 24-і – тұрғын үй. Ал сол жақта 90 нысан бар, оның ішінде 50 нысан санитарлық қорғаныс аймақты бұзған. Ішінде 20 үй бар.

6 қаңтар күні Шымкент қаласы әкімдігінде төтенше жағдайларды алдын алу және жою комиссияның отырысы өткізіліп, жергілікті маңыздағы төтенше жағдай жарияланды. Ал 7 қаңтарда опырылыс аймағы қосымша зерттеліп, бүгінгі таңда бұл маң басқа жерден опырылмағаны анықталды.

Лермонтов көшесі, №1 «Б» және Ташкент көшесі, №2 «А» үйдің 13 адамы қауіпсіз жерге көшірілді. Зардап шеккендерге МЖК жатақханасының 4 бөлмесі дайындалған. Алайда тұрғындар одан бас тартып, туыс-туғандарының үйлеріне қоныстады. Бірақ, балалардың оқуына байланысты олар жақын жерден үй сұраған. Сондықтан қазіргі таңда тұрғындардың талап-тілегіне орай қолайлы үй тауып беруге арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр.