«Арай» байқауының іріктеу кезеңі басталды

Арай байқауы
Мұрағат

Өңірімізде «Арай -2016» жас эстрада әншілері және мәдени iс-шара жүргізушілерi байқауының екінші іріктеу кезеңі өтіп жатыр. Биыл жиырмасыншы шымылдығын түретін өнер конкурсында 200-ге тарта үміткер бағын сынауда. Қатысушылар саны өткен жылдармен салыстырғанде әлдеқайда көп. Сондықтан дода тартысты болады дейді ұйымдастырушылар.

Арай байқауы

Сайыс шарты бойынша әр үміткер екі ән орындау міндетті. Қазыларды өнерімен тәнті еткендер келесі кезеңге өтеді. 20 жылдан бері көптеген жастың жұлдызын жағып, талантын танытқан бұл байқауға үміткерлер тыңғылықты дайындалады. Мұнда талап жоғары.

«Арай» ән байқауының аясында концерттік бағдарлама жүргізушілерінің де сыны өтеді. Биыл өзінің жүргізушілік қырын байқатып жатқандардың қатары қалың. Солардың бірі 10 сынып оқушысы — Валерия Фадекина. Ол өзіне берілген бірнеше тапсырманы мүлкітсіз орындап шықты. Орыс сыныбында білім алса да, қазақ тілін жетік меңгерген оқушы жүргізуші болуға лайықты екенін дәлелдегісі келеді.

Валерия Фадекина, байқау үміткері: «Бірінші сыныпта қазақ сыныбына барғанмын. Сондықтан қазақ тілін үйрену, жарысқа қатысу мен үшін аса қиындық туғызған жоқ. Әрине, ұстаздарым да көмектесті. Болашақта журналистика факультетіне оқуға түскім келеді. Сондықтан жүргізушілік қабілетімді дамытып, соған лайықты екендігімді көрсетсем деймін.»

Ал қазылар алқасы қатысушылардың саны артқан сайын талап күшейгенін жасырмайды. Айтуларынша, мәдени іс-шара жүргізушілердің дені талапқа сай келмейді. Өңірімізде үш тілді жетік меңгерген бірде бір жүргізуші жоқ. Осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін іріктеуде орыс, ағылшын тілін меңгергендерге басымдық берілетін болды.

Майя Алибжанова, қазылар алқасының мүшесі: «Жүргізушілердің дені дайын сценарийден ары шыға алмайды. Яғни, импровизацияға келгенде ақсап жатады. Ал бұл — ең керек қасиеттің бірі. Сонымен қатар тіл білімі, дауыстың қойылуы, сахнада өзін өзі ұстауы — барлығы назарға алынады. Қазақ, орыс, ағылшын тілін білгендердің жолы болуы да мүмкін.»

Жеңістен дәмелілерді әлі алда екі сынақ күтіп тұр. Өнер додасының жүйріктері мен жүлдегерлері 29 ақпан күні Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филормонияда өтетін қорытынды концертте белгілі болады.