Бір күндік рейдте 18 мас жүргізуші анықталды

316
"Қауіпсіз жол" рейді

Бір күнде — мыңнан астам тәртіп бұзу! Бұл — Оңтүстіктің полицейлері жүргізген рейд барысында анықталған заң бұзушылықтар. Ақпанның 15-не басталған «Қауіпсіз жол» іс-шарасы 17-не дейін жалғасады.

Инспекторлар тек қала аумағында ғана емес, облыстың ірі жолдарында да күшейтілген тәртіпте жұмыс атқаруда. Соның нәтижесінде көлік жүргізушілер тарапынан мыңдаған тәртіп бұзу фактісі тіркеліп, хаттамалар толтырылды. Ереже бұзғандардың арасында мас жүргізушілер де бар.

"Қауіпсіз жол" рейді

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, «Қауіпсіз жол» іс-шарасының бір күнінде мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды. Бұл рейдтің мақсаты — жол қозғалысы ережелерін бұзуға тыйым салу, талаптарды елемеген, қауіпсіздік белбеуін пайдаланбаған, көлік құралын басқару кезінде ұялы телефонмен немесе радиостанциялармен сөйлескен жүргізушілерді әшкерелеу. Сондай-ақ апат белгілері бар автокөліктерді айқындау болып табылады.

"Қауіпсіз жол" рейді

Осы ауқымды шараның бірінші күнінде полицейлер жол қозғалысы ережелерін бұзған 1082 жайтты анықтады. Оның ішінде 11 жайт қоғамдық көлік жүргізушілерімен орын алған. Сонымен қатар қауіпсіздік белдігін тақпаған — 269, автокөлікті басқару кезінде ұялы телефон қолданған — 143, жүргізуші куәлігінсіз автокөлік басқарған — 50, жылдамдықты асырған 41 жүргізуші анықталса, 40 көліктің техникалық байқаудан өтпегені белгілі болды, маневр жасау ережелерін бұзудың 32 жайты тіркелді.

"Қауіпсіз жол" рейді

Атап өтерлік факті, 18 жүргізуші мас күйде автокөлік жүргізгені үшін ұсталды. Ал 13 көлік иесі бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өтіп кетсе, 13-і жаяу жүргіншілерге жол бермеген.

Бұған қоса жолаушыларды және багажды тасмалдауға рұқсат беру куәлігі болмаған — 5, жүргізушінің еңбек режимі мен демалысын сақтамауының — 4, жүргізушіде жолдаушылардың тізімі болмауының 2 және мемлекеттік белгісі жоқ автокөлікті басқарудың 1 фактісі анықталды.

"Қауіпсіз жол" рейді
Иісшіл ит жүкті тексеруде

Жол қозғалысы ережелерін бұзған 80 жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылса,  47 автокөлік ақылы айыптұрағына қойылды.

Осы ретте облыстық ішкі істер департаментінің өкілдері автокөлік жүргізушілерінің жол ережесін бұзу оқиғасына куә болған адамдардың тез арада полиция бөліміне хабарласуын сұрайды.