Оңтүстікте айтыс өнері дамып келеді

1162

Айтыс «ЮНЕСКОның» мәдени мұралар тізіміне енді. Cөз асылын саптайтын ақындардың өнері онда Қазақстан мен Қырғызстан елінің атынан енгізілді. Рухани құндылықтарды қорғау комитетінің мәліметінше, айтыс әлемдік қазыналар қатарынан табылуы үшін ұсыныс 2 жыл бұрын жасалған.

Ұйым мамандары ұсыныстың енді ғана қолдау табуын соңғы жылдары кеңінен дәріптеліп, дамуымен байланыстырды. Ал жергілікті жұрт мұны күнгейдегі азулы ақындардың еңбегінің еленуі деп отыр. Қоғамда халық қазынасының қанатын жаюы үшін қандай бастамалар жасалды? Оған бүгінгі толқынның көзқарасы мен қызығушылығы қандай?

Біржан Байтуов
Біржан Байтуов

Жас, бірақ, бас болған ақын. Айтыс сүйер қауым бұл жігітті осылай деп құрметтейді. Бүгінге дейін талай рет халықаралық, республикалық аламандарда топ жарып, қанжығасына бас бәйгені байлаған Біржан – Оңтүстіктің тумасы. Елдің алғысын арқалаған ақын біздің алдымызда да тосылған жоқ, айтыс өнерінің Юнеско мұрасына енгенін естіп, қуанышты хабарды өлеңмен өрді. Айтыс сахнасында қарсыласына есе жібермейтін жігіт табан астында тапқырлық танытуының, суырыпсалма өнерінің құпиясымен бөлісті.

Біржан Байтуов, ақын: «Мен ең алдымен сахнада ой құрап алуға тырысамын, одан соң өлең құраймын. Өлең құрастыру маған аса қиын емес, жақсы бір ой құрап, тез арада қарсыласыма өлеңмен ұтымды жауап қатамын. Айтысқа тек ақындық қана емес, дауыс көркемдігі де керек, яғни әншілігің де болуы керек. Айтысқа күйшілік те керек, яғни, аспапта жақсы ойнап домбыраны да тарта білу керек. Айтысқа тапқырлық та керек, яғни, шешен, суырыпсалма болуың керек. Актерлік қабілет аса қажет, себебі, ел тағдыры туралы айтқанда әзілдеп отыра алмайсың ғой?»

Б.Өтеп атындағы "Өнер" мектебі
Батырбек Өтеп атындағы «Өнер» мектебі

Күнгейде бір Біржан емес, талай талантты түлеткен ақындар мектебі бар. 15 жылдан бері жұмысы жанданған Батырбек Өтеп атындағы білім ұясында бүгінде 280-ге тарта өнерлі шәкірт оқиды. Оның жиырмасы – жас ақын. Мұнда оқушыларға елімізге белгілі айтыскерлер сабақ өтеді.

Сыныпта 20-ға жуық оқушы бар
Ақындар сыныбында 20-ға жуық оқушы бар

Бекжан Базарбек, оқушы: «Бұл мектепке келмей тұрып, өлең шығарардың алдында, біз баяғыда ойымызға келгенін «Осындай мықты ғой, шықты ғой» деген сияқты ұйқастармен құрайтынбыз, ал мұнда келгелі ақындықтың терең мәліметін, тарихын зерттеп барып жырға қосатын болдық. Мысалы, өзіміздің Оңтүстікті алатын болсақ, осы өлкеге өлең шығар десе, бізге мысалы іздену керек, көптеген мәлімет керек, Қазығұртың қатпарлығы, одан Отырардағы отыз бап, Сайрамдағы сансыз бапты зерттеп барып, содан өлең шығады.»

Ақындар сыныбының шәкірті атану үшін арнайы шарт та бар. Талапкер мұнда 6 сыныпта қабылданады. Педагогтардың айтуынша, азулы ақын атану үшін дарынды болу жеткіліксіз. Ақындық өнерді арнайы тәсіл, заманау технология бойынша меңгеру қажет.

Айтыс пәнін белгілі ақын Анар Жаппарқұлова өтеді
Айтыс пәнін белгілі ақын Анар Жаппарқұлова өтеді

12

Анар Жаппарқұлова, ақын, Б.Өтеп атындағы «Өнер» мектебінің мұғалімі: «Жастарды өлеңге баулу үшін Қобыланды жырының көп томдығын, оның түпнұсқасын тыңдатамыз. Одан кейін ғана өлеңді жазуға беттейміз. Оны жазған соң, домбыра тартуға баулимыз. Алдымен теориялық бағытты, қазақтың тарихын меңгеріп болып, соңынан суырыпсалма бағытқа, практикалық жүйеге өтеміз. Онда оқушылар қолына домбыра алып, бір-бірімен тәжірибе жүзінде айтысады».

Бүгінде ел арасында қайым, түре айтыстары кеңінен тараған. Ауыз әдебиетінің поэзиялық жанрын жаңғыртып, халымыздың төл өнерін дәріптеу мақсатында бүгінде республикалық аламандарға күнгейдің 15-ке тарта ақыны қатысып жүр.