Састөбедегі көл демалыс аумағына айналады

485
Састөбедегі көл

Састөбедегі сасық көл демалыс аумағына айналатын күн жақын. Тың жобаны жергілікті кәсіпкер ұсынып отыр. Егер тиісті бөлім басшылары мақұладаса, жоба жүзеге асады. Ал оған дейін ауыл ішіндегі көлшіктерді тазалап, тұралап қалған суды тазалау – ауыл әкімінің мойнында.

Састөбедегі көл
Састөбедегі көл

Састөбеліктер сасық көл атап кеткен бұл су Жыланды бұлағынан бастау алады. Алайда ауылдың қақ ортасында жиналып, тұрып қалады. Соңғы рет 1988 жылы тазаланып, шомылуға рұқсат берілген. Содан бері былтыр тазаланған көлдің бүгінгі жайы мәз емес. Шомылмақ түгілі, жанынан өтудің өзі мұң.

Вера Кочергина, Састөбе ауылының тұрғыны: «Көлдің айналасы санитарлық талапқа сай келмейді. Жағалай үйлер салынып кеткен. Олар қоқыстарын суға тастап, табиғатқа зиян келтіріп отыр».

Анна Ивановна, Састөбе ауылының тұрғыны: «Былай қарағанда-ақ таза су емесін көріп тұрсыз. Жазда балалар шомылады. Түрлі ауру жұқпасына кім кепіл береді?»

Ауыл әкімі былтыр ауылдағы екінші көлдің суын ағызып, түбін тазалауға септігін тигізген. Жергілікті кәсіпкер қызығушылық танытып, аймақты демалыс орнына айналдыруға ұсыныс жасапты. Аудандық кәсіпкерлік бөлімі жобасын мақұлдаса, арнайы конкурс өткізіп, іскер азаматтың ойлағанын жүзеге асыруға жәрдем бермек.

Рахымжан Жаманқұлов, Састөбе ауылының әкімі: «Жан-жақты өзіміз көмек береміз. Өзіміздің ауылдың көркі болады. Мұнда бүкіл састөбеліктер шомылатын. Демалыс аймағы болған. Соны қайта жандандыруға қолға алынып жатқан жұмыс. Мұның барлығын қазып тастағандағы тірлік – қоқысын тазалап жатырмыз. Биыл, Құдай қаласа, іске қосамыз.»

Бұл ұсынысты ауыл тұрғындары да қолдап отыр. Көлдің суы тазарып, маңы көріктендірілетін болса, қалаға сабылмайтындарына сенімді. Ал көлшіктегі су қоршаған ортаға ешқандай зиянын тигізбейді. Мамандар ауыл азаматтарының өтініші бойынша арнайы сараптама жүрігізіп, осындай қорытынды шығарған.