Өзгенің орнына тест тапсырмақ болған мемлекеттік қызметші ұсталды

400
Мемлекеттік тестілеу

Оңтүстікте өзгенің орнына тестке кірмек болған мемлекеттік қызметші ұсталды. Облыс бойынша аумақтық тестілеу залында «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға арналған тестілеу барысында А есімді үміткердің орнына С есімді азамат тест тапсырмақ болған.

Мемлекеттік тестілеуАлайда тестілеу әкімшісі бұл заңсыздықты үміткердің жеке куәлігімен тексеру барысында байқап, тестілеу ережесін бұзғаны туралы акт түзіліп, тест залынан шығарып жіберді.

Анықтау барысында С-ның Қазығұрт ауданы, Тұрбат ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы, әскери есеп столы инспекторы Е.С.Санабаев екені анықталды, деп хабарлайды облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің баспасөз қызметі.

Осыған байланысты департамент мамандары Тұрбат ауылдық округі әкімі аппаратын жоспардан тыс тексерді. Нәтижесінде мемлекеттік қызметшінің іс-сапарға шыққаны туралы құжаттар рәсімделмеген, сәйкесінше, табельге сол күні Е.С.Санабаевқа 8 сағат жұмыста болғаны туралы белгі қойылған болып шықты.

Мемлекеттік қызметшінің ісі әдеп жөніндегі кеңесте қаралып, Е.С.Санабаевтың тәртіптік жауапкершілігін қарау ұсынылды. Сонымен қатар Тұрбат ауылдық округінің әкімі Е.Исакұловтың да заңнама талаптарын бұзып, аппарат қызметшісінің еңбек тәртібін сақтауын қадағаламағаны үшін тәртіптік жауапкершілігін қарау ұсынылды.

Қазіргі таңда Е.Санабаевтың іс-әрекетіне қатысты процесуалдық шешім қабылдау үшін тиісті материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді.