Оңтүстікте мүдделер қақтығысына жол берген мемлекеттік қызметшілер жазаланады

468
мемлекеттік қызмет
Фото: //cdnimg.rg.ru

Оңтүстікте мемлекеттік қызметшілер арасында мүдделер қақтығысы тіркелді. Бұл туралы облыстық мемлекеттік істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

мемлекеттік қызмет
Фото: //cdnimg.rg.ru

Сарыағаш ауданында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 86 жер учаскесін жалға беру бойынша конкурс жарияланған. Конкурсқа 123 үміткер құжат тапсырады. Біртілек ауыл округінен үміткер ретінде бірқатар азамат түсіп, соның ішінде Райымбеков Шералы, Елемес Нұрсұлтан Әбдәкімұлы, Сабиров Оспан Елемесұлы деген азаматтар конкурстық комиссияның шешімімен жеңімпаз болып танылған.

Алайда Біртілек ауылдық округі әкімі Әбдәкім Елемесұлы Сабиров конкурстық комиссия мүшесі ретінде өзінің жақын туыстары, яғни інісі Оспан Сабиров пен баласы Нұрсұлтан Елемеске «Жер учаскелерін ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жалға беру жөніндегі» хаттамаға қол қойып жібереді. Сол арқылы мүдделер қақтығысына жол беріп, сәйкесінше оны болғызбау және реттеу жөніндегі тиісті шаралар қабылдамаған.

Дәл осындай оқиға Мақтаарал ауданында да орын алған. “Шыңғысхан” шаруа қожалығының төрағасы С.Адамбеков қожалықтың 19,7 га жеріне егілген жүгерінің өніп шықпағанын біле тұра Мақтаарал ауданының ведомствоаралық комиссиясына субсидия алуға өтінім берген. Бұл тұста оның баласы, Жылы су ауыл округі әкімінің орынбасары Ш.Сапарбек әкесі С.Адамбековтың өтінімінде көрсеткен 19,7 га жеріне дәндік жүгері дақылы шықпағанын және субсидия берілуге болмайтынын біле тұра негізгі қол қоюшы ауыл әкімі А.Касымбековтің өз қызмет орнында болғанына қарамастан, оның орнына субсидия алуға берілетін актіге заңсыз қол қойған.

Демек, Жылы су ауылдық округі әкімінің орынбасары Ш.Сапарбектің тарапынан аталған актіге заңсыз қол қою арқылы мүдделер қақтығысы орын алған. Нәтижесінде С.Адамбеков мемлекеттен субсидия алуға берілетін актінің негізінде бөлінген 492 500 теңгені өзінің жеке бас пайдасына жаратып, мемлекетке материалдық залал келтірген.

Жоғарыдағы негіздермен Біртілек ауылдық округі әкімі Ә.Сабиров пен Жылы су ауылдық округі әкімінің орынбасары Ш.Сапарбектің тәртіптік істері әдеп жөніндегі кеңесте қаралып, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңының талаптарын сақтамағаны үшін олардың тәртіптік жауапкершіліктерін қарау ұсынылды.