Қарағандыда Оңтүстіктің мәдениет күндері өтеді

356

«Қазыналы Оңтүстік». Сәуір айының 20-22 күндері аралығында Қарағанды қаласында күнгейдің мәдениет күндері өтеді. Бұл шара алдымен Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрынан басталады. Онда «Шырайлы Оңтүстіктің шежіресі» атты өңір мұражайларының жәдігерлері таныстырылып, қолөнер шеберлері мен суретшілердің кеңейтілген көрме-экспозициясы көпшілік назарына ұсынылады.

Одан соң «Бірлігі жарасқан мәңгілік ел» концерттік кеші ұйымдастырылады. Ал «Оңтүстік цирк» мекемесі «Ғажайып керуен» шоу-бағдарламасын қоюды жоспарлап отыр.

21-сәуір күні Теміртаудың мәдениет сарайында облыстық филармония ұжымы «Шарықтасын Шәмшінің асыл әні» атты сырлы-сазды кешін ұсынбақ. Аталған мәдениет күндері облыстық қазақ драма театры сахналайтын «Тозақ шеңбері» қойылымымен қорытындыланатын болады.