12 мамыр — халықаралық мейірбике күні. Осыған орай апаттар медицинасы орталығының мамандары болашақ мейірбикелерге арналған ашық есік күнін өткізді. Өлімге араша, жаралыға жанашыр болатын жандар қашанда зардап шегушілерге дұрыс әрі жедел көмек көрсете білуі тиіс. Сондықтан шараның маңыздылығы жоғары дейді ұйымдастырушылар.
Олар уақыт таңдамайды. Тәулік бойы 50 шақырым қашықтықта зардап шеккен кез келген жанға көмек көрсетеді. Сондықтан үнемі өздерімен бірге ең қажетті дәрі-дәрмектерін ала жүреді. Апаттар медицинасы орталығы мекемесінің мамандары ашық есік күнінде болашақ мейірбикелерге жұмыстарын тәппіштеп түсіндіріп берді. Төтенше жағдай кезінде зардап шегушінің жанынан табылатын жандар дұрыс әрі жедел көмек көрсетудің маңыздылығын айтып, ауыр науқастарға арналған түрлі шаралардың артықшылықтарын көрсетті.
Шымкент медициналық колледжінің мейірбике ісі бөлімінде білім алатын студенттер аз уақыт ішінде жедел көмек көрсетуді үйренген. Әсіресе, жол апаты кезіндегі шақыртуға шұғыл жетіп, алғаш көрсетілетін ем жасауды меңгерген. Сондай-ақ, заманауи аппаратарды дұрыс қолдану ережесін үйреніпті. Ашық есік күніне қатысқан болашақ мейірбикелер тіпті апатты көмек көрсету орталығында жұмыс істеу ниеттерін де жасырмады.
Мамандар жыл сайын жол-көлік оқиғасы көп тіркелетінін айтады. Сәйкесінше апаттар медицинасы орталығының жұмысы да артып отыр. Мысалы, өткен жылы 500-ге жан ақ халаттылардың көмегіне жүгініпті. 25 жылдан бері жұмыс жасайтын мекеме қызметкерлерінің айтуынша, адамдардың 80 пайыздан астамы жүргізушілердің жолда жүру ережесін сақтамаудың салдарынан зардап шегеді.