«Шымкент Art Days – 2016» өнер күндері басталды

264

Шымкентте қала әкімдігінің қолдауымен алғаш рет SHYMKENT ART DAYS – 2016 өнер күндері бастау алды. Мамыр айының 13-15 жұлдызы аралығын қамтитын шара барысында Шымкент қаласы заманауи өнердің түрлі бағыттары көрсетілетін мульти-тәртіптік алаңға айналмақ.

"Шымкент Art Days - 2016" өнер күндері басталды

Мұнда стрит-арт, жария өнер, граффити, өнердің визуальды түрлері, бейне-арт және дизайн жұмыстары бір-бірімен байланысқан симбиозда көрермен назарына ұсынылады. Заманауи үлгідегі инсталляциялар, перформанстар, акциялар, таныстырылымдар, коллаборациялар, экспозициялар, шеберлік сыныптар, флэшмобтар көрсетіліп, көпшілік дәрістер өткізіледі.

«Қазіргі заман жолдауы» тақырыбымен өтіп жатқан шара нағыз шығармашылық алаңға әрі жалпықалалық көркем шеберханаға айналды. Суретшілер, дизайнерлер, қала тұрғындары мен қонақтары әлемде болып жатқан оқиғаларға өз көзқарастарын білдіру үшін өнер нысандарын салды. Shymkent Art Days шеңберінде қазақстандық суретшілер мен сән дизайнерлері Art & Fashion коллаборация үлгілерінде жұмыс істеуде.

Өнер күндерінің танымал қатысушыларының арасында шымкенттік заманауи суретшілерден құралған белгілі «Қызыл трактор» тобының негізін қалаушы Саид Атабеков, Қазақстанның тумасы, бүгінде Германия мен Бельгия елдерінде қызмет атқаратын Алмагүл Меңлібаева да бар. Сондай-ақ, аталмыш іс-шараға Британдық rеңестің көмегімен тағы екі әйгілі тұлға – бейне-арт жанрында жұмыс істейтін британдық суретшілер Карен Мирза мен Бред Батлер шақырылған.

Сонымен қатар «Қызыл трактор» тобының суретшілері мен өкілдері Арыстанбек Шалбаев, Смаил Баялиев және Сырлыбек Бекботаев, Бақыт Бубиканова, Алексей Шиндин, «П. Н. И.» арт тобы, Алпамыс Батыров және Қырғызстаннан келетін «DOXA» арт тобы қатысады. Танымал қазақстандық суретші Паша Кас та Шымкент қаласына шақырту алды.

SHYMKENT ART DAYS шеңберінде қазақстандық суретшілер мен сән дизайнерлері ART & FASHION коллаборация үлгілерінде жұмыс істейді.

Өнер күндерін өткізу арқылы мамандар қазіргі заманның өзекті мәселелеріне баса назар аудара отырып, өнер құралдары арқылы рухани құндылықтарды, қоғамдағы өзара түсінушілік және келісім идеяларын насихаттауға мүмкіндік алғанын айтады.