Ең үлгілі жанұя белгілі болды. Шымкентте дәстүрлі түрде ұйымдастырылған «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары анықталды.
Үйдің отағасы Шәймерден Есенгелдиев ішкі істер саласында елеулі еңбек еткен абыройлы азамат. Ал жұбайы Жанар Құттыбай ақ халатты абзал жан. Ең бастысы шаңырағы сәби күлкісіне толы, яғни отбасында 4 қыз бен 3 ұл тәрбиелеп отыр. Қатысушылардың ішіндегі де ең жас отбасы да осылар. «Балаларым — байлығым » дейтін Есенгелдиевтер әулеті қалалық конкурстың жеңімпазы атанды.
Шәймерден Есенгелдиев, қалалық» Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпазы: «Бүгінде ҚР ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитететінің ИЧ-167/9 мекемесінің бастығы болып жұмыс атқарамын. Жасым 39-да. Байқауға алғаш рет қатысып отырмын және бұл жұбайымның идеясы болатын. Көп отбасылы жанұямыз және мұны мақтан тұтамын. Ұл-қыздарым сабақта озат, түрлі жарыстардың жеңімпаздары. Отбасым, балаларымды баға жетпес байлыққа теңеймін. Сондықтан жеңімпаз атанғанымызға өте қуаныштымыз».
Қаламызда дәстүрлі үшінші рет ұйымдастырылған байқауға барлығы 23 отбасы қатысып, бағын сынаған. Алайда қазылар іріктеу кезеңнің қорытындысы бойынша Есенгелдиевтер мен Шалқарбековтер отбасын жеңімпаз деп таныпты. Комиссия мүшелері жарысты өткізу барысында, жарасымды жанұясымен үлгі бола білген жастарды басты назарға алдық дейді.
Отбасында сыйластығы артып, бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрген жандарды енді алда облыстық сынақ күтіп тұр. Ал жеңімпаз жанұя республикалық «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсында бағын сынайтын болады.