Шымкент қаласында екі жасар сәби қаза тапқан жол апатына қатысты қылмысты іс қозғалды. Бұған қоса қайғылы жол-көлік оқиғасы салдарынан 7 адам жарақат алған болатын.
ОҚО ішкі істер департаментінің мәліметінше, 28 маусым күні сағат 16:00 шамасында Шымкенттегі Жаңаталап ауданындағы қиылыстардың бірінде «Луидор» маркалы бағыттағы таксидің 1976 жылы туған жүргізушісі 32 жастағы Шымкент тұрғынының басқаруындағы «Дэу-Джентра» автокөлігімен соқтығысқан.
Соның салдарынан жеңіл көлікте отырған 2 жасар бүлдіршін оқиға орнында шетінеп кетті. Тағы 7 адам жарақат алды. Олар 32 жастағы «Дэу-Джентра» көлігінің жүргізушісі және оның 30 жастағы әйелі, 5 жасар ұлы, шағын автобустың жүргізушісі және 22, 19 және 17 жасар үш жолаушы түрлі дене жарақаттарымен Шымкент қалалық ауруханасына жеткізілген.
Аталған жайт Абай полиция бөлімінде тіркеліп, қылмысты кодекстің 345-бабымен (көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) іс қозғалды. Жол апатына кінәлі адамды анықтау үшін сараптама тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.