Ине жұтып қойған сәби аман қалды. Түркістан облыстық балалар ауруханасының мамандары 9 айлық сәбидің өңешінде тұрып қалған инені алып тастады. Белгілі болғандай, сәби абайсызда ине жұтып қойған. Дәрігерлер бірден рентгенологиялық тексеру жүргізіп, бөгде заттың нақты орналасқан орнын анықтады. Жедел әрекет етіп, өңеште тұрып қалған ине сәтті алып шықты. Ақ халаттылардың кәсіби медициналық көмегінің арқасында қауіпті асқынулардың алдын алу мүмкін болды.
«Уақыт жоғалтпай, эндоскопиялық әдіс қолданылып, өңеште тұрып қалған ине сәтті түрде алынды. Медициналық көмектің жедел әрі кәсіби көрсетілуінің арқасында ықтимал асқынулардың алдын алу мүмкін болды. Қазіргі таңда баланың жағдайы жақсы. Сәби дәрігерлердің бақылауында болып, кейін үйіне аман-есен шығарылды».
Мамандар ата-аналарға балалардың қолы жететін жерде ұсақ әрі өткір заттарды қалдырмауды ескертеді. Осындай жағдай орын алса, уақыт жоғалтпай, дереу медициналық көмекке жүгіну өте маңызды деп отыр.
Нұргүл Жолымбетова
ТАҚ: ИНЕ ЖҰТҚАН СӘБИ ДЕР КЕЗІНДЕ ҚҰТҚАРЫЛДЫ






