Серіктестік құрылыс жұмыстарын аяқсыз қалдырғаны үшін қаражатты бюджетке қайтарды

36

Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараевтың екінші тоқсандағы алғашқы кездесуі Қаратөбе ауылдық округінен басталды. Аудан басшысы 2023 жылдың үш айында жүзеге асқан жобалармен, жылдың басында өткен кездесуде көтерілген мәселелер бойынша атқарылған жұмыстар барысымен таныстырды.

Сұрақ-жауап форматындағы кездесуде округ халқы өзекті мәселелерді көтеріп, оның шешілу жолдарына қатысты сұрақтар қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы әр қойылған сұраққа жауап беріп, айтылған мәселенің орындалу мерзімін көрсете отырып, түсіндірді.
Қостөбе елді мекеніндегі Қостөбе шағын жинақты жалпы орта мектебінің ғимараты сарапшылардың қорытындысына сәйкес мектеп ғимаратының техникалық жағдайы жарамсыз, яғни физикалық және моральдық тозуы 80 пайызға дейін деп бағаланып отыр. Сонымен қатар, мектепті шұғыл түрде бұзу керек деген қорытындыға келді.
Қаратөбе-Қостөбе бағытындағы Балдыберек өзенінің үстінен көпір құрылысына қатысты мердігер мекеме жауапқа тартылып, сот процессі өтті. Қорытындысымен, “Қайнар Құрылыс” ЖШС-і құрылыс жұмыстарын аяқсыз қалдыруына байланысты тиісті қаражатты бюджетке қайтарды. Қазіргі кезде, көпір құрылысын қайта бастау үшін аудандық ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімі жоба-сметалық құжаттарын дайындауда.
Ауылдық округ аумағындағы тозығы жеткен элетр бағаналары мен желілері “Оңтүстік-Жарық Транзит” ЖШС-нің инвест бағдарламасы бойынша ауыстырылуда. Былтырғы жылы Қостөбе елді мекеніндегі 156 электр бағаналары мен желілері жаңартылды. Биылғы жылы аталған жұмыс жалғасын табады.