Оңтүстікке жіберілетін сұйылтылған газдың көлемі артады

410
Нұралхан Шарипов
Нұралхан Шарипов

Оңтүстікке берілетін сұйылтылған мұнай газының көлемі артуда. Бұл туралы ОҚО аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының газбен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Нұралхан Шарипов мәлім етті.

Нұралхан Шарипов
Нұралхан Шәріпов

Спикердің хабарлауынша, заң аясында облысқа қажетті сұйытылған көгілдір отын газ таратушы ұйымдарының сұраныстары негізінде министрлікке әр айда өтінім беріліп, комиссия отырысы тәртібімен көлемдері айқындалып бөлінеді.

– Осындай тәртіппен маусым айында облысқа 6300 тонна көлемінде газ берілді, ол өткен аймен салыстырғанда 500 тоннаға артық, – дейді бөлім басшысы. – Ал шілде айына 6500 тоннаға артып отыр. Дегенмен, бүгінгі таңда орын алып отырған қажеттілікті ескеріп, облыс әкімдігі тарапынан шұғыл шаралар қабылданып, қосымша 2 мың тонна сұйылтылған мұнай газына өтініш берілді. Соның 500 тоннасы қолдау тауып отыр.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда өңірде 1,3 млн. халық сұйылтылған мұнай газын пайдаланып отыр. Басқарма тарапынан жасалған болжамды есеп бойынша тұрғындардың қажеттілігі айына 6 100 тоннаны құрайды. Айта кету керек, облыс халқы қарқынды түрде автокөліктердің үнемді, экологиялық таза отынға ауысуда. Олардың ішінде ресми тіркелген, сығымдалған газбен жүретін 13 888 автокөлік бар.

Сонымен қоса газ отынына ауыстырылып, техникалық төлқұжатын заңды рәсімдемеген көліктер де көп. Осыған байланысты аймақтағы бекеттерде газ тапшылығы туындап отыр дейді мамандар.

Баспасөз мәслихатын қорытындылаған спикер алдағы айда министрлікте өтетін мәжіліске жоғарыда атап өткен мәліметтердің барлығын заңды құжаттармен рәсімдеп, облыстың сұйылтылған мұнай газына қажеттілігін қанағаттандыру үшін газ көлемін тиісті деңгейге көтеруді жоспарлап отырғанын айтты.