Шымкенттегі көлік-логистика орталығында құрылыс тоқтап тұр. 2016 жылдың қазанында тапсырылуы тиіс болатын нысанның тоқтап тұрғанына желтоқсан айында бір жыл толады. Оған себеп — қаржы жоқ. Мердігерлер нысандағы құрылысқа қаражат осы қарашада түседі деп үміттеніп отыр. Қаржы толық көлемде бөлінсе, орталық 2017 жылы пайдаланануға тапсырылмақ. Айта кетейік, орталық құрылысына осы күнге дейін 6 млрд теңге игерілген.
Шымкенттің іргесінде бой көтерген «А» класты ірі орталық — Оңтүстіктің көлік-логистикасын дамытуға жасалған маңызды қадам. Хаб облыс орталығында аудандардан жеткізілген тауарды, жүкті сақтауға, қайта өңдеуге және шоғырландыруға мүмкіндік береді. Құрылыстың 70 пайызы аяқталған тұста былтыр желтоқсанда қаржыландыру тоқтап қалды. Бір жыл көлемінде нысанда құрылыс жүрмеді. Тапсырыс беруші, мердігер қаржы осы қарашада түссе, нысанды келер жылдың ортасында пайдалануға береміз деп жоспарлауда.
Логистикалық орталыққа тиесілі 35 гектар жер телімінде бүгінде халықаралық талаптарға сәйкес қоймалар, дистрибуттық және контейнер алаңдары, әкімшілік ғимарат орналасқан. Құрғақ және климаттық қоймалардағы сөрелердің биіктігі, температуралық режим тауарларды сақтауға лайықты.
Жоба жеміс пен көкөніс, ет пен бақша өнімдерінің экспорттық тасымалын орталықтандыру үшін аса маңызды. Жаңа технологияларды қолдану жүкті тиеу-түсіруді жылдамдатуға, жылына млн тонна жүк өңдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, көлік-логистикалық орталықта Қытай мен Ресейден Оңтүстікке келетін тауар теңдеп бөлінеді, мұның өзі тауардың тұтыну құнының біршама арзандауына оң әсер етуі мүмкін.